Сейсенбі, 20 мамыр, 20:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37,2150
20.05.2025
PDF мұрағаты

Кене энцефалитінен қалай сақтану керек?

20.05.2025

60 0

Сурет:https://tekelinews.kz

Кене энцефалиті – жедел вирусты ауру, ол адамның миын және жұлынын зақымдап, сал ауруына душар етеді және асқынған жағдайда өлiм-жітім қаупі жоғары. Кене энцефалиті вирусының тасымалдаушысы және негізгі резервуары – иксод кенесі. Олар тарататын вирустар тым қатты аяздарға төзімді. Кептіргенде және төменгі температурада өмір сүруін көп жылдар бойы сақтайды. Жұқпа адамға зақымданған кене шаққан кезде ғана емес, оны жалаң қолмен сыққан кезде биологиялық сұйықтығымен жанасқанда, ауру қоздырғышы бар жануарлардың қанымен жанасқанда жұғады.
Ауру белгiлерi кене шаққаннан кейiн 1-2 аптадан кейiн немесе 30 күннен кейiн бiлiне бастайды. Дене қызуы 39 С-қа дейiн көтерiледi, басы қатты ауырады, жүрегi айнып, құсады. Ауру ағымы ауыр өткенде дененiң бұлшық еттерiнiң салдануы мүмкiн, бұл өз кезегiнде мүгедектiкке әкелiп соғады. Аурудың алдын алу үшiн кенелердің табиғаттағы белсендiлiгi басталғанға дейiн кене энцефалитiне қарсы профилактикалық екпе алу керек, бұл шара – ауруға қарсы ең тиімді тәсілдің бірі.
Кене белсенділігінің маусымы сәуірден қазан айларына дейін, ал олардың белсенділігінің шыңы мамыр және маусым айларына сәйкес келеді. Осы жағдайды ескере отырып, екпенi күздiң соңында немесе қыстың басында алған дұрыс. Егер кене шаққанын байқасаңыз, жедел медициналық көмек көрсететiн бөлiмшелерге қаралып, кене энцефалитiне қарсы иммунолобулин алу қажет.
Қызылорда облысы кене энцефалиті бойынша табиғи ошақ болып саналмайды, дегенмен жаз мезгіліндегі демалыстар маусымында эндемиялық аймақтар – таулы, орманды аймақтарға барған кезде қауіп арта түседі. Осы ретте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті келесі сақтық шараларын ұсынады:

  • табиғат аясына барғанда кенелер киімнің астына кірмеу үшін жеңі ұзын
    көйлек киіп, жағасы мен жеңін түймелеп, етегін шалбарға, шалбардың
    балағын шұлыққа салу керек, өрмелеп бара жатқан кенені тез байқау
    үшін киім ашық түсті болғаны дұрыс;
  • кенелер денеге жабысып, қан сору үшін оңтайлы жер іздейді, олар 1-1,5 сағат уақытты қажет етеді, сондықтан сағат сайын шаштың арасын, құлақтын тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият кененің бар-жоқтығына қарау керек;
  • табиғатқа шығар алдында дененің ашық жерлеріне және киімге кенені үркітетін репелленттерді пайдалану керек;
  • орманға барғанда қалың шөбi, бұтасы аз, күннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерге орналасқан дұрыс, дем алатын жерді бұталардан, шөптер мен жапырақтардан тазарту қажет, өйткені кенелердің сондай жерлерде көбеюіне қолайлы жағдай туады;
  • орманнан келгеннен соң, денені, үйге әкелген барлық заттарды, гүл шоқтарын, киім-кешекті мұқият тексеріп-қарау керек.

Қарапайым жеке қауіпсіздік ережелері сіздің денсаулығыңызды қорғап қалатынын есте ұстаңыз.

Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: