Сенбі, 21 желтоқсан, 22:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Кенеден келер қауіп көп

26.07.2022

1265 0

Өңірде тағы бір қауіп тудырып отырған ауру түрі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы. Жыл сайын облыста алдын алу үшін тиісті шаралар жасалады. Алайда биыл кене шаққан 4 адам қаза тапқан.

Ветеринария саласының маман­дары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын аса қауіпті санайды. Көктем, жаз, күз мезгілінде өршитін кесел адамды денесінде ауру қоз­дырғышы бар кене шаққанда пайда болады. Салдарынан кене шаққан науқасты мүгедектікке, кейде өлімге әкеледі. 

Биыл аймақта эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Себебі былтыр кене шағу дерегі 238 жағдай болса, биыл бұл көрсеткіш 601-ге жеткен. Одан бөлек 116 елді мекен қолайсыз аймақ қатарына енген. Өткен жылы 113 елді мекен болған еді. Сондай-ақ биыл ауру қоздырғышы бар зиянкестерде көбейген. Ал жоғарыда айтып өткен 4 жағдай Жалағаш, Шиелі ауданы мен қалада орын алған.

– Конго-Қырым гемморрагиялық қызбасының жаңа ошағын анықтау мақсатында 40 мыңнана астам кене жинап, зерттедік. Оның бес мыңнан астамы елді мекендерден, 16765-і жануарлардан, 17637-сі табиғаттан, 496-сы ауру ошақтарынан жиналды. Зерттеуге алынған 4527 сынаманың 127-сінен оң нәтиже шықты. Облыс­тағы медицина мекемелерінде атал­ған ауру жұқтырған науқастарға ем-дом жасау үшін қажетті вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және басқа да дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдары жеткілікті, – дей­ді облыстық санитариялық-эпи­де­мио­логиялық   бақылау департа­менті басшысының орынба­сары Әлия Әбдіқайымова.

Кене шаққанда вирус адам ағза­сында 14 күн аралығында белгі бере бастайды екен. Алғашқы белгісі басы солқылдап, қызуы көтеріліп, денесі сырқырап қатты ауырып, әлсіздік басатын көрінеді.

Жалпы жыл сайын аймақта кене­ден жұғатын вирусты болдыр­мау үшін ауру ошақтарын залалсыз­дандыру жұмыстары жүргізіледі. Мұндай шара  биыл да жасалған. Алайда мамандар одан ахуалдың жақсармай тұрғанын айтады. Қазіргі таңда облыста мал иелерінің өз қаржысы есебінен 95,3 мың бас үй жануарына кенеге қарсы вете­ринариялық препарат салынған. Мұндай дәрі мал терісіне жабысқан кенемен бірге ішкі құрылысындағы зиянды құрттарды да жоюға мүм­кіндік береді.

Ал тұрғындарды сала мамандары барынша сақ болуға шақырады. Осы орайда үйінде мал ұстайтын тұрғындар, егістікте жұмыс істейтін және көкке демалысқа шығуды жос­парлаған жандар қауіпсіздік шара­сын қатаң ұстағаны дұрыс. Мәселен, сиыр саууға шықса қалың киініп, етек-жеңді қымтап, басқа міндетті түрде орамал тағып шыққаны абзал. Бұл кеңес жасыл алаңда демалыс ұйымдастырушыларға да арналады. Сондай-ақ олар өздерімен бірге зиян­кестерге қарсы жақпа май алуына болады. Кенелер қалың шөптің арасында жасырынуы мүм­кін. Сондықтан онда көп отыр­мауға, орманды жерде гүл, шөп­терді жұлмауға кеңес береді. Ал демалыстан соң денені мұқият қарап шыққаны дұрыс. Әсіресе, құлақ артын, шаш арасына мән беріңіз. Кене адам денесіне түскенде жарты сағаттай шағатын орнын іздейді екен. Мұқият болсаңыз бұл аралықта қауіптің алдын алуға болады. Зиянкесті үй жағдайында өзіңіз алсаңыз, орнын спиртпен, йод немесе зеленкамен өңдеу керек. Қолды сабындап жуу қажет. Ал кенені суы бар ыдысқа салып, қақ­пағын тығыз жауып, зертханалық талдауға берген жөн.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: