Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті ауру, оның алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары. Жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, барлық қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезеңмен жүзеге асырылады.
2024 жылы облыс бойынша 115 елді мекен қолайсыз деп танылған болса, биыл олардың саны азайып, 111 елді мекенді құрады. Көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары ағымдағы жылдың 9 сәуірінен басталады деп жоспарлануда. Алғашқы болып оңтүстік аймақтар – Шиелі, Жаңақорған аудандарында жүргізіледі.
Кенеге қарсы өңдеу шараларының тиімділігін арттыру үшін тұрғындар назарына қора-аула тазалықтарын қатаң сақтау қажеттігін еске саламыз. Себебі аурудың табиғаттағы тасымалдаушысы саналатын иксодты кенелер қи-көңнің астында қорексіз жылдап тіршілік ете береді және аналық кенелер үшін жұмыртқа тастауға өте қолайлы орын болып саналады. Вируспен зақымданған кенелер жұмыртқа арқылы ауруды тікелей өз ұрпағына береді. Сол себепті жұмыртқадан өрбіген кенелер түгелдей осы ауруды денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы болады, яғни жаңадан аурудың табиғи ошағы пайда болады.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүрізілуде. Бүгінге дейін 1500-ге жуық кене жиналып, лабораториялық зерттеу үстінде.
Кене жыл бойы тіршілік етеді, алайда оның белсенділігі көктем келісімен арта түседі. Бұл ретте тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін қауіп жоғарылайды. Жыл басынан бері 11 адам кене шағу жағдайларымен медициналық көмекке жүгінген.
Аурудың жұғу жолдары:
• вируспен зақымданған кене шаққанда, мал қырқымы кезінде жүннің арасындағы ауру таратушы кенені қайшымен қиып жіберген кезде кененің ішіндегі биологиялық сұйықтықтармен жанасқанда;
• вируспен зақымданған малды сойғанда, етін жіліктеу, қақтау кезінде, малдың үстіне жабысқан кенені жалаң қолмен жұлып алғанда;
• қан кетіп КҚГҚ-мен ауырып жатқан адамға көмек көрсету кезінде науқастың қанымен жанасқанда;
• зертханаларда қанмен жұмыс жасау кезінде техника қауіпсіздігі сақталмағанда жұқтырып алу қаупі жоғарылайды.
Аурудың алдын алу шаралары:
• табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына (мал қырқымы, сиыр сауу, т.б.) күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау;
• мал қырқымы кезінде қырқымға қатысушылар қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш және ұзын қоныш етік кию;
• кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану;
Аурудың негізгі белгілері: тұмау, жедел ішек, тағамнан улану ауруларына тән белгілер болады, яғни күрт дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбетінің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшықеттерінің ауырсынуы, бүйрек тұсының ауыруы, қатты бас, іштің ауруы байқалады. Осы белгілер болған жағдайда адам шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінбесе, әрі қарай тістің қызыл иегінен, мұрыннан, асқазаннан, ішектен, әйелдерде жатырдан қан кетумен асқынып, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ааталған ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!