Интравитреальды инъекция – көз ауруларын емдеудің заманауи әрі тиімді әдістерінің бірі. Бұл – дәрілік препаратты көздің шыны тәрізді денесіне тікелей енгізу процедурасы. Бұл медициналық көмекті МӘМС жүйесі аясында қалай тегін алуға болады – біздің материалда.
Ляззат көз ауруы бойынша диспансерлік есепте тұр. Бұған дейін оған катаракта жою ота жасалған. Енді пациентке интравитреальды инъекция тағайындалды. Қажетті жолдаманы ол Емдеуге жатқызу бюросы арқылы алды.
– Учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша офтальмологтың тексеруінен өтіп жатырмын. Консультациялар, анализдер мен диагностикалық қызметтерді МӘМС жүйесінде сақтандырылған болғандықтан тегін аламын. Дәрігерлерге алғысым шексіз! – деді Ляззат.

Мамандардың айтуынша, бұл әдіс қант диабеттік ретинопатия, жасқа байланысты көз торының дегенерациясы, көздің қабыну аурулары және тағы басқа ауруларды емдеу үшін қолданылады. Жіңішке инемен дәрі тікелей көз ішіне енгізіледі, бұл емнің тиімділігін арттырады.
– Бір инъекцияның бағасы шамамен 150–200 мың теңге. Қант диабетімен ауыратын науқастарға бұл ем 20 ретке дейін қажет болуы мүмкін. Жалпы шығын көлемі үлкен. Ал МӘМС аясында бұл процедура толығымен тегін, – деп түсіндірді №3 қалалық емхананың офтальмолог дәрігері Толқын Таңатова.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!