Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Жыл сайын облыс аумағында осы ауруға шалдығу деректері тіркеліп отырады.
Кенелердің белсенділігі ерте көктемнен басталуына байланысты аурудың алдын алуға бағытталған шаралар қазірден бастап жүзеге асырылуда. 2025 жылы жүргізілген зоологиялық-паразитологиялық барлау жұмыстарының нәтижесімен облыста 74 елді мекен 2026 жылға қолайсыз болып есепке алынды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда қолайсыз елді мекендер саны 37 елді мекенге азайды. Қолайсыз елді мекендер облыстың барлық аймақтарында анықталды. Атап айтқанда, Арал ауданында-20, Қазалы ауданында-7, Қармақшы ауданында-3, Жалағаш ауданында-3, Сырдария ауданында-5, Шиелі ауданында-15, Жанақорған ауданында-17, Қызылорда қаласында-4 елді мекен.
Қазіргі таңда облыс әкімдігінің Қаулысымен «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі кешенді жоспар әзірленуде. Бұдан бөлек, көктемгі кенеге қарсы өңдеу шараларын жоспарлау үшін ветеринария қызметімен ауылшаруашылық жануарлар саны, мал ұстайтын орындары көлемінің есебі жүргізілуде.
Медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіру, ауруды ерте анықтау, клиникасы мен диагностикасы тақырыбында медицина саласы қызметкерлері арасында семинар-тренингтер ұйымдастырылуда. Осындай семинардың бірі облыстық психикалық денсаулық орталығында өткізіліп, аса қауіпті ауру тіркелген жағдайдағы медицина қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмі пысықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасуда.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті ауру. Клиникалық белгілері тұмау, жедел ішек, тағамнан улану ауруларына тән белгілер болады, яғни күрт дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбетінің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшықеттерінің ауырсынуы, бүйрек тұсының ауыруы, қатты бас, іштің ауруы байқалады. Осы белгілер болған жағдайда адам шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінбесе, әрі қарай тістің қызыл иегінен, мұрыннан, асқазаннан, ішектен, әйелдерде жатырдан қан кетумен асқынып, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аталған ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!