Ботулизм дегеніміз – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын нерв жүйесінің зақымдануымен жүретін, аурудың ауыр түрі нәтижесінде тез арада өлімге әкелетін тамақтан уланудың бір түрі.
Ботулизмнің қоздырғышы С.botulinum анаэробты жағдайда ауа жоқ жерде көбейеді, әсіресе дұрыс жабылмаған банкілерде, үй жағдайында консервіленген азықтарда, баялды (баклажан), қияр, саңырауқұлақ, балық, салаттарда көптеп кездеседі.
Ботулизмнің негізгі белгілері және клиникалық көріністері:
- қатты шаршағыштық, әлсіздік және бас айналу;
- көздің көруінің нашарлауы «бұлыңғырлану», көз алдының «торлануы», заттың қосарланып көрінуі, қабағының түсуі (птоз);
- сілекей секрециясының бұзылуы, ауыздың құрғауы, жұтынудың қиындауы, шашалып қалу, көмейінде бөгде зат тұрып қалғандай сезіну;
- дауыс желбезегінің зақымдануы, мұрыннан сөйлеу, тілінің күрмеленуі;
- тыныстың бұзылуы;
- іш өту, құсу.
Ботулизмнің алдын алу жолдары: - консервілеу алдында өнімдерді ағынды судың астында бірнеше рет тазалап жуу;
- консервілеуге арналған банкілерді стерилизациялау режимін сақтау;
- өнімдерді консервілеу режимін сақтау;
- қақпағы көтерілген (бомбаж), дәмі мен түсі бұзылған банкілерді пайдаланбау және олардың дәмін де татпау. Мұндай банкілер жедел түрде жойылуы тиіс;
- үй жағдайында әзірленген консервіленген өнімдерді пайдаланар алдында жылумен өңдеу (15-20 минуттай қайнату немесе қуыру);
- үй жағдайында жасалған салаттар, саңырауқұлақ, қиярлар, қақталған балық, сан еттер т.б. белгіленбеген базарлардан сатып алмау;
- аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде өнім қалдықтарын зертханалық бақылау үшін сақтау.
Ботулизмнің алғашқы белгілері пайда болған кезде, тез арада медициналық көмекке жүгініңіз, бұл Сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізді сақтап қалады!
Үйде ет, балық, саңырауқұлақтарды герметикалық жабық банкаларда сақтауға болмайды. Үйдегі консервілерді суықта сақтау керек. Оларды ашпас бұрын ыдысты сыртын тексеру қажет. Егер банканың ісінуі, түсінің өзгеруі, жағымсыз иіс болса, өнімді дереу жою керек. Мұндай консервілердің дәмін татуға қатаң тыйым салынады.
Құрметті сатып алушы, ұйымдастырылмаған сауда орындарында кепілдендірілмеген сапалы азық-түлік сатып алудан бас тартқан жағдайда, сіз өзіңізді және туыстарыңызды көптеген жұқпалы аурулардан және олардың зардаптарынан қорғайсыз! Азық-түлікті рұқсат етілмеген, арнайы сапа құжаттары жоқ белгісіз сауда орындарынан сатып алған жағдайда денсаулыққа үлкен қауіп төнетінін ұмытпаңыз,, себебі бұл өнімдерді сақтау шарттарын орындамау олардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік бермейді.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
