Облыстағы дәріханаларда халықтың қажеттілігін қамтамасыз етететін дәрілік заттар қоры жеткілікті. Қазір қорда антибиотиктердің 358 805 қорабы, вирусқа қарсы препараттардың 24 485 қорабы, антикоагулянттардың 93 902 қорабы, ыстықты түсіретін препараттардың 179 723 қорабы, қақырық түсіретін препараттардың 15 643 қорабы бар.
– Былтыр коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуіне байланысты жаз айларында еліміздің ауруханалары мен провизорлық орталықтарында дәрі-дәрмек тапшылығы байқалды. Соның салдарынан баға да біраз уақытқа дейін тұрақтамай, халықтың қалтасына ауырлық салды. Бүгінде біз өткен жылдан сабақ алып, осындай келеңсіздіктерді болдырмауға күш салып жатырмыз. Қазір дәрі қоры жеткілікті. Әрі биыл «ковидке қарсы» препараттардың бағалары 27%-ға төмендеді, – деді облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділханов.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-мен 17 фармацевтикалық ұйымға барлығы 281,2 млн. теңге қаржы берілді. 17 ұйымның 9-ы қалада, 8-і аудандарда орналасқан. Бөлінген қаражаттан 280 млн. теңгеге ыстықты түсіретін, антибиотиктер, вирусқа қарсы, иммуностимуляторлар, медициналық бұйымдар, инъекциялық және гормондық препараттар сатып алынды. Сонымен қатар 1,2 млн. теңгені құрайтын дәрілік зат жолда. Айтпақшы, енді кез келген дәрі-дәрмек жайлы ақпаратты үйден шыпай-ақ көруге болады.
– Қазір Android және Appstore платформаларында «DARI.KZ» мобильді қосымшасы іске қосылды. Осы мобильдік қосымшаның көмегімен кез келген азамат республика аумағында тіркелген дәрілік заттардың барлық тізбесін көре алады. Пайдаланушыға медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулық, қаптама макеттері, қолдану тәсілдері, сертификаттар, дәрілік заттың толық атауы, өндіруші туралы ақпарат, тіркеу куәлігінің нөмірі, баламалар тізбесі, шекті бағалары да көресетілген. Сондай-ақ, осы мобильді қосымшаның көмегімен шекті бөлшек сауда бағасынан асып кету фактілері анықталған кезде шағым беруге болады, – деді Нұрбек Уалиханұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!