Қазақстанда курьерлік жеткізу қызметімен айналысатындарға тегін вакцина салынуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Ақмарал Әлназарова Сенаттың кулуарында берген сұхбатында мәлімдеді.
Вакцина алатындарды негізі екіге бөлуге болады: өз бетінше вакцина алатындар, яғни ақылы салдыратындар мен тегін салынатын топтар. Жылда Үкімет есебінен халықтың 11%-ы 2 млн-нан астам вакцинамен қамтылады. Тұмауға қарсы екпені курьерлерге дейін тегін салу тәжірибесін қарастырып жатырмыз. Біз қазір келесі жылы осы мәселені тағы көтереміз, – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
Айтуынша, бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқандардың басым көпшілігі – екпе алмағандар.
Жалпы вакцина туралы айтсақ, міндетті вакцинациялауға жататын контингент өкінішке қарай, екпе алудан бас тартатын жайттар көбейіп кетті. Мысалы, екі-үш күн бұрын жұқпалы аурулар ауруханасында болдым. 1 жас 1 айға толған сәбиімен анасы жатыр. Баласы туғалы бері бірде-бір екпе алмаған. Анасы баласына қауіп төндіріп отыр деген сөз, – деді Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ еліміздің бас дәрігері вакцинаның маңыздылығын ата-аналарға түсіндіру маңызды деп атады.
Қазір бізде қызылшамен ауыратын балаларымыздың саны осыдан екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда күрт төмендеген. Вакцина алу мәселесі – стратегиялық жұмысымыз. Алда әлі вакцина салдырудың маңыздылығын ата-аналарға түсіндіру мәселесі тұр, – деді ведомство басшысы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
