Дүйсенбі, 10 қараша, 11:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№85 (2197)
08.11.2025
PDF мұрағаты

МӘМС – 2026: азаматтарға арналған жаңа мүмкіндіктер мен кепілдіктер

10.11.2025

49 0

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ұлт саулығын нығайту бағытындағы басым бағыттар белгіленді. Бұл бастамалар тұрақты және тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға негізделген. Оның ішінде әрбір азаматтың қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуын қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін құруды көздейді.

       МӘМС жүйесінің Қызылорда облысында қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов айтып берді.

       Үкіметтің 2024 жылғы 7 шілдеде өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс» депжергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырған болатын. Жақсылық Әбілқасымұлы, осындай мемлекеттік қолдаумен өңіріміздің қанша тұрғыны қамтылады деп жоспарлануда?

       – Иә, шынында МӘМС жүйесіне халықты көптеп тартуға бағытталған жаңа іс-шаралар қабылданды. Енді әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар – нақты айтқанда,  дағдарыс және төтенше санатқа (D және E) жататын адамдар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады.

       2025 жылғы 04 қарашасындағы мәлімет бойынша өңірдің бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 819 024 адам тіркелген. Соның        677 738-і (82,7%) сақтандырылған, 141 286 адам (17,3%) сақтандырылмаған. Сақтандырылмаған азаматтардың шамамен 40 мыңы қиын жағдайға тап болғандар. Олардың медициналық қызметті қоса алғандағы базалық қажеттіліктерді жабу үшін тұрақты табысы жоқ немесе әлеуметтік жағдайлары төмен азаматтар.

       Алдағы жылдан бастап бұл азаматтардың барлығы шартты түрде сақтандырылады. Олар медициналық ұйымға жүгінгеннен бастап жергілікті атқарушы органдар есебінен жарна төлене бастайды.

       2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында Президент мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін әзірлеуді тапсырды. 2026 жылдан бастап еліміз жаңа үлгіге кезең-кезеңімен көше бастайды. Денсаулық сақтау жүйесінде қандай өзгерістер күтіледі?

       – «МӘМС туралы» Заңдағы өзгерістерге сәйкес бірқатар жаңалық қолданысқа енгізіледі. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арасындағы айырмашылық айқындала түседі.

       Бірыңғай медициналық көмек пакеті ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте 8 әлеуметтік мәні бар ауруға (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетіледі.

       2026 жылдан бастап амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек МӘМС-тің базалық пакетіне кіреді.

       Аталған аурулар тізбесіне келесі дерттер кіреді: бауыр аурулары; қан мен қан түзуші ағзалар аурулары; жоғарғы асқорыту жолдарының аурулары; инфекциялық емес энтерит пен колит; артропатиялар, дорсопатиялар; қалқанша безі аурулары; қуық асты безінің гиперплазиясы; сүт безінің қатерсіз дисплазиясы; әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары; бронхөкпе дисплазиясы; жүректің туа біткен ақаулары; даму ақаулары.

       Енді онкологиялық скринингтер барлық пациенттерге тегін болады. Сүт безі, қатерлі ісігіне, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігіне скринингтік тексерулерді МӘМС төлемдері болмаса да, емханада өтуге болады.

       Президент өз Жолдауында медициналық қызмет сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізу мақсатында жасанды интеллекті қолданысқа енгізудің маңызын атап өтті. Жақсылық Әбілқасымұлы, бұл тәжірибеде қалай жүзеге асырылып жатыр?

       – Қор қазірден бастап көрсетілген медициналық қызметтің сапасын автоматты түрде тексеруге ықпал ететін «Мониторинг» модулін енгізді. Пациенттің емханадан сатционарға дейінгі бүкіл жолы осы жүйеде көрінеді. Медициналық қызмет көрсетілгеннен кейін деректер жүйеге түсіп, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен қызмет көрсету стандарттарына сәйкестігі тексеріледі. Сәйкессіздіктер анықталса, жүйе ақауларды тіркеп, жеткізушілер бойынша талдамалық есептер жасауға мүмкіндік береді.

       Пилоттық жоба 2025 жылдың наурызында Ақмола облысындағы медициналық ұйымдарда іске қосылып, нәтижесінде ақау азайып, стандарттардың бұзылуы төмендегені байқалды. Бұл жүйенің, медициналық қызмет көрсетушілер тарапынан, талаптардың орындалуына оң ықпал етіп отырғанын көрсетеді.

       Біздің мақсат – жазалау емес, медициналық көмек сапасын арттыру. Біз медициналық ұйымдардың бірыңғай және ашық түрде жұмыс істеуіне көмектесуге тырысамыз.

       – Сонымен қатар МӘМС-тің қаржылық тұрақтылығын бекіту әлі де маңызды бағыттар қатарында. Бұл тапсырманы қалай орындау жоспарланып отыр?

       – 2026 жылдан бастап жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін жарна төлеудегі табыстың жоғарғы шегін ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен 50 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайту көзделуде. Сондай-ақ мемлекеттің қаржыландыру үлесінің кезең-кезеңімен өсуі нәтижесінде жарна мөлшері биылғы 2,2%-дан 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін артады деп күтілуде. Бұл ТМККК жүйесінің тұрақтылығын сақтап, бизнес пен азаматтарға түсетін жүктемені азайтуға, яғни тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

        Әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Айгүл Аханова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: