2025 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бойынша қышыма ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз болып қалыптасты. Жыл басынан бері қышыманың 178 дерегі тіркелді. 14 жасқа дейінгі балалар арасында қышымамен сырқаттанушылық көрсеткіші жоғары, барлық тіркелген аурудың 64% осы контингенттегілер үлесінде.
Қышыма – бұл жұқпалы тері ауруы, оның қоздырғышы қышыма кенесі. Инфекция науқас адаммен тығыз қарым-қатынаста болған кезде, сондай-ақ іш киім, төсек-орын, киім, жеке гигиена құралдары және т.б. арқылы жұғады.
Ауруға тән белгілер: қолдың саусақ аралық қатпарларында, кеуде және іш терісінде, бөкселерде, санның ішкі бөлігінде, аяқтарда қышу мен бөртпелердің пайда болуы. Қышыманың айрықша ерекшелігі – түнде қышудың күшеюі.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қышыманы жұқтырудың алдын алу үшін мынадай қарапайым гигиеналық қағидаларды орындауды ұсынады:
- аптасына кемінде бір рет моншаға барып жуыну;
- тек жеке гигиена құралдарын пайдалану және басқа адамдармен жеке заттарды айырбастамау;
- көшеден үйге оралған соң міндетті түрде қолды сабындап жуу;
- жаңа киім, төсек-орын және іш киім сатып алғаннан кейін оларды міндетті түрде жуып, ыстық үтікпен үтіктеңіз;
- орамал, төсек-орын және іш киімді жиі ыстық сумен жуу, міндетті түрде ыстық үтікпен үтіктеу;
- үй жануарларымен байланыста болғаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
- ауру белгілері біліне бастағаннан дәрігерге қаралу;
- жанұя мүшесінің біреуі ауырған жағдайда онымен қарым-қатынасты шектеп, сақтық шараларын күшейтіп, профилактикалық тексеруден өту;
- мектеп оқушылары мен мектеп жасына дейінгі балаларда қышыма ауруы пайда болған кезде оларды мектепке немесе ұйымдасқан балалар мекемесіне жіберуге тыйым салынады.
- үй жағдайында залаласыздандыру құралдарын пайдалана отырып, жиі ылғалды тазалау жүргізу;
- қаңғыбас жануарлармен байланыста болмау;
- мысықтар мен иттерді сатып алғанда, жануарда аурудың болмауы және саңырауқұлақ ауруларына қарсы вакцинациялау үшін ветеринармен кеңесу қажет;
- шаштараздарға, спорт залдарына барғаннан кейін міндетті түрде душ қабылдау немесе моншаға бару.
Егер сізде қышыма белгілері немесе тері бөртпесі байқалса, дереу дерматовенерологқа хабарласыңыз. Бұл ауруды дер кезінде диагностикалаудың және тиімді емдеудің кепілі.
Әлия Әбдіқайымова,
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!