Сенбі, 23 қараша, 03:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Мақсарыдан май алған маман

18.01.2022

848 0

Бұл өнімнің өзгелерден ерекшелігі – адам ағзасына өте пайдалы екендігі. Мақсары майы әлемдік дамыған елдер­де сұранысқа ие. Сондай-ақ қымбатқа бағаланады. Жасы­ратын несі бар, өкінішке орай қазақстандықтар мақсары өні­мін мүлде қолданбайды де­сек те болады. Сөйтсек, мұ­нымыз ерекше қасиетке ие дақылдың көл-көсір пайдасын білмегендіктен екен.

Аймақтағы «АВ Invest group» ЖШС кәсіпкерлігін Ғалым Дүйсенбаев пен жары Гүлжауһар Дүйсенбаева екеуі 2016 жылы бастады. Кәсіп ие­лері Ғалым білікті заңгер бол­са, Гүлжауһар дәрігер. Олар әдепкіде пісте майын шығару­ды көздеген. Де­генмен үлкендердің кеңесі мен жан жақты зерттеуден кейін 2017 жылы «Рафинатталмаған суық сығындылы мақсары майын» шы­ғаруды бастады. Оның суық сығындылы деп айтылуының басты себебі – 70 градустан аспайтын температурада мақ­сарыны қыздырады. Ең алдымен дән тазаланады. Сосын қосалқы құрылғылардан өтіп, пресске түсіп сығылып, май тұнады. Содан соң маталы фильтрден өткізіп, арнайы құтысына құйы­лады. Осылайша таза 100 про­цент табиғи мақсары майы өндіріледі.

Бұл адам денсаулығына өте пайдалы өнім. Оны тұрақ­ты түрде пайдалану асқоры­ту жүйесін қалыпқа түсіріп, холестерин дәрежесін төмен­детіп, жүрек-қан тамыр ауру­ларының алдын алады. Мақ­сарының тағы да бір ерекше қасиеті қатерлі ісік ауруына душар болу қаупін сейілтеді екен. Оның құрамында Е, К дәрумендері, «омега 6» және темір бар. Айта кету керек, «зәйтүн» майы линоль қышқылы арқылы пайдалы болса, ал мақсарыда линоль қышқылы  екі есеге көп. Ол – адам ағзасына өте пайдалы. Әсіресе қан тамыры мен жүйке жүйесіне әсері мол. Сонымен қатар диабет ауруын емдеудегі мақсары майының ерекшелігін айтпай кетуге болмайды. Бұл майдың диабетті қадағалап, қандағы қант құрамын бірқалыпты ұстап тұрады. 

– Елдегі карантиндік шектеу басталғалы бір жыл мақсары майын шығаруды тоқтаттық. Осы жылдан бастап, қайта қолға алудамыз. Бүгінде сатылу бағасы 4000 теңгені құрайды. Бірақ қазір 3500 теңгеден са­тылуда. Бұл ең төмендетілген баға. Мұндағы мақсатымыз бізге пайда болмаса да, халық осы майдың денсаулыққа пайдасын түсініп, дәмін көрсін, халыққа пайдамыз тисе екен дейміз. Айта кету керек, көбі пісте майынан мақсары май неге қымбат деп жатады. Мәселен, пістенің 1 тоннасынан 40-45 процент май алынады. Ал мақсары дәні 15 проценттен артық май бермейді. Сондықтан мақсары майдың өз құны біз­дің сатып жатқан бағадан да жоғары. Мақсары майына ше­тел­­діктердің қызығушылығы өте жоғары. Қытайда бұл май­дың қолданыста болғанына үш жарым мың жыл болды.  Ал түркиялықтар екі мың жылдан бері пайдаланады. Қазір біз­дің Түркия мен Қытайда серіктестеріміз бар. Алдағы уақытта шекара ашылса, өнім­ді соларға экспорттаймыз. Бү­­гінде денсаулығына алаң­дай­тын әрбір адам осы мақсары майын тұтынады. Атап айт­сақ, қант, тері аурулары маза­лайтын адамдар тұрақты тұ­тынушыларымыз. Сондықтан халыққа да кеңінен жеткізгіміз келеді. Біз де бұл өнімді шетел асырғанша, өз еліміздің тұтынғанын қалаймыз.  Дәрігер ретінде халықтың денсаулығын жақсарту үшін осы майды ұсынар едім, – деді «АВ Invest group» ЖШС қаржы директоры Гүлжауһар Дүйсенбаева.

Оның айтуынша, мақсары майы АҚШ пен Жапония секіл­ді дамыған елдерде жоға­ры бағаланады. Былайша айт­қанда, құны біз­дегіден он есе қымбат. Ше­телдіктер оны тек тағамға ғана емес, массаж жа­сауға, шаш, тері күтіміне қол­данады. Сондықтан мақсары майының қасиеті туралы қазақ­стандықтарға толығырақ ақпа­рат беруіміз керек, – дейді ол.

Расында, өзгеден өзіміздің өнім артық. Май зауытының іске қосылғанына көп бола қоймаса да қаншама асуларды бағындырып, мақсары майы жоғары бағаланып келеді. Атап айтсақ, 2018 жылы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ «Сауда үздігі-2018», «Үздік сатылған тауарлар» аталымы бойынша аймақтық көрме-конкурстың жеңімпазы тағы басқа да марапаттарды иеленді.

Бүгінде май зауыты айына 40 тонна мақсары майын өн­діруде. Қазір өндіріс орны 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта елден сұраныс артса, өнімді де екі-үш есе арттыруға күш салмақ. Ал кәсіпорын мақсары дәнін аймақтағы жеке егін шаруашылықтарынан сатып алуда. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсілді берік ұстанған кәсіп­керлердің басты мақсаты – мақсары майының пайдасын ха­лыққа кеңінен түсіндіру. Ендеше, Сырдан шығатын өнім­ді өзіміз тұтынайық.

                Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: