Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 13 қазан 2025 жылы медициналық туризмді дамыту жөніндегі халықаралық конференцияда Қазақстанның медициналық инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Министрдің айтуынша, соңғы он жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі үш есеге өскен.
«Үкімет пациенттердің қауіпсіздігі бойынша халықаралық стандарттарға сай денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Саланың инфрақұрылымына мемлекеттік және жеке инвестициялар кеңінен тартылуда. Соңғы он жыл ішінде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі үш есе артты», – деді Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ, оның айтуынша, саланың цифрлық платформалары жетілдіріліп, басқа мемлекеттік ресурстармен интеграция жүргізілуде, медициналық жабдықтар жаңартылып жатыр.
«Дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесі өндірушіден тұтынушыға дейінгі барлық логистика мен сақтау кезеңдерінде олардың қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл жүйе дәрілердің қауіпсіз пайдаланылуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық фармацевтика өндірісі дамып, дәрілік препараттардың түр-түрі кеңейіп келеді. Бұл – сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтуға ықпал ететін маңызды қадам», – деп атап өтті министр.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды енгізу жүйесі іске қосылған. Ол тиімді емдеу мен диагностика әдістерін қолдануға, соның ішінде ағзаны сақтап қалуға және аз инвазивті тәсілдерге басымдық беруге мүмкіндік береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!