Медициналық қалдықтарды жою аса ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Себебі қауіпті қалдықтарды жою талапқа сай жүргізілмеген жағдайда қоқыс жинаушылар, медицина қызметкерлері, пациенттер және жалпы қоғам арасында инфекцияның таралуы орын алып, нәтижесінде аурудың қайта берілу қаупін төндіреді.
Қызылорда облысында медициналық ұйымдарда пайда болған медициналық қалдықтарды жинау, уақытша сақтау және шығару денсаулық сақтау нысанында қабылданған медициналық қалдықтармен жұмыс істеу кестесіне сәйкес жүргізіледі.
Аймақтағы медициналық ұйымдарда медициналық қалдықтарды уақытша жинауға арналған үй-жайлар санитариялық қағидаларға сәйкес жабдықталған. Қабырғалары, едені дезинфекциялауға, жууға төзімді материалдармен қапталған, салқын-ыстық сумен, биологиялық қалдықтарды сақтауға арналған тоңазытқыштармен, жуу мен залалсыздандыруға арналған ванналармен қамтылған.
Қызылорда облысы бойынша облыстық медициналық орталықта медициналық қалдықтарды жоюға арналған пеш-инсенератор, Жаңақорған аудандық орталық ауруханасында медициналық қалдықтарды өртеуге арналған арнайы қондырғы (муфельді пеш) жұмыс істейді.
Қызылорда қаласы және аудан орталықтарында орналасқан қалған медициналық мекемелерде медициналық қалдықтар жекеменшік ұйыммен келісімшарт негізінде тасымалданып, жойылады.
2025 жылы Қызылорда облысы көлемінде «А» сыныбына – 658,192 т, «Б» сыныбына – 205,872 т, «В» сыныбына – 10,285 т медициналық қалдық түзіліп, жойылды. Ал «Г» сыныбына 439,54 кг медициналық қалдық түзілген.
Облыс бойынша қауіпсіз жою қораптарымен қамтылу көрсеткіші – 100 пайызды құрайды.
Медициналық қалдықтармен жұмыстың дұрыс жүргізілуі Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тұрақты бақылауында және проблемалық мәселелер мүдделі органдармен бірлесіп, тұрақты түрде қаралып, талқыланады.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!