Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкіметтің қарауына карантинге қатысты бірнеше ұсыныс енгізді.
«Ashyq жүйесін енгізгелі «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 46 067 адам анықталды. Олардың ішінде 29 930-дың ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен екен. Қалғаны – науқастармен байланыста болғандар. Бұл статистика кейбір адамдардың үйде оқшаулану режимін сақтамай, халық көп жиналатын жерге барып жүргенін көрсетіп отыр. Осылайша, айналадағы адамдарға қауіп төндіреді», – деді Цой үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оған қоса, шектеу шараларына қарамастан, той-томалақ тыйылмай тұр. Ондай жиындарға адам көп жиналады. Ал санитарлық ережелер сақталмайды.
«Осыған байланысты мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді сұраймын», – деп атап көрсетті Цой.
Сондай-ақ, министр эпидемиологиялық жағдайды одан ары тұрақтандыру үшін бернеше ұсыныс жасады. Олар:
• «қою қызыл» және «қызыл» аймақтарда демалыс күнгі локдаунды жалғастыру;
• мониторингтік топтар жұмысын күшейту;
• халықты вакциналаудан көптеп өткізу;
• халық арасында түсіндіру жұмысын күшейту;
• кәсіпкерлер ұсынысы негізінде Ashyq көшбасшылары үшін тиісті талаптарды жетілдіру.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!