Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Нағыз ана бақыты – сәбидің аман болуы

11.04.2023

1296 0

Мемлекеттің басты байлығы – адам. Адам өмірі барлығынан да маңызды. Тәуелсіздік алғалы бері халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында көптеген арнайы бағдарламалар қабылданып келеді. Әсіресе ана мен бала денсаулығына ерекше мән берілуде.

Ана мен бала денсаулығы мемлекеттің ерекше мән беріп, назар аударатын салмақты саласы десек, артық айтқандық болмас. Себебі ұрпақтың сапасы мен ұлттың санына тікелей әсер ететін жандар­дың аман-саулығы – қоғам үшін қашанда маңы­зын жоймайтын құндылық. Ана мен бала саулы­ғы – отбасы бақыты. Ал бақытты отбасы – ұлт болашағының айнасы.

       Осыған орай №3 қалалық емхананың бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Нұрия Жұмағалиевамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Нұрия Қауынбайқызы, қаладағы ана мен бала денсаулығына қандай баға бересіз? Сізді маман ретінде қандай мәселе толғандырады?

– Ана мен бала денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау жүйесінің басты бағыттарының бірі. Өңірімізде туу жасында – 177 мыңнан астам әйел және 431 мыңнан астам бала тұрады. Былтырғы көрсеткіш бойынша 20 730 жүкті әйел бақылауда болды және 20 514 бала дүниеге келді.

Әйелдер мен балаларға білікті ме­дициналық көмек көрсету үшін аймақта 21 медициналық-санитариялық ал­ғаш­қы көмек көрсету нысаны, 8 перзентхана, оның ішінде облыстық перинаталдық орталық, сонымен қатар көпбейінді облыстық балалар ауруханасы жұмыс атқарады. Биыл ана мен бала көрсеткішіне аса мән беріліп келеді. Ол қоғамда назардан тыс қалмайды.

Ал маман ретінде мені толғандыратын мәселе – ана мен бала өлімі. Өткен жылы облыста алты жағдай тір­кел­ді. Негізі жүк­ті әйелдің емхана­ның медицина қызметкерлеріне деген сенімді қа­рым-қатынасының болмауы, меди­цина­лық көрсеткіштер бойынша қажет болған жағдайда жүктілікті үзу мәселесі уақытылы шешілмеуі, үй ішінің қарсы қолхат беріп, дер кезінде жүктілікті үзбеуі, прегравидарлық дайындықтан  жүктілікке дейін  фертилді жастағы әйелдердің толық өтпеуі салдарынан, жүктілік кезінде көптеген асқынулар табылуда. Себебі қазіргі таңда әрбір отбасы дайындықтан өтпей жоспарсыз көтереді. Емханаға акушер-гинеколог дәрігеріне қаралған кезде жүктілікке қарсы абсолютты көрсеткіш табылған жағдайда карама қарсы көр­сеткіш бола тұра жүктілікті жалғастыру салдарынан ана өлімі тіркеледі.

Қазіргі күні ҚР акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы  ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес әрбір фертилді жастағы әйелдер жүктілікке дейін тексерістен толық өз деңгейінде ақысыз тексерілуге мүмкіндік бар.  Онда жүктілікке дейін тексеру барысында анықталған ауруларды тауып, сауықтыру жұмыстары жүргізіледі. Міне, осыны толығырақ әлеуметтік желілерде халыққа түсіндіру мақсатында айтуға болады. Егер әрбір жүкті әйел дәрігердің нұсқаулығымен жүрген болса, мұндай жағдай болмас еді.

– Мектеп жасындағы оқушылар арасында скрининг жүйесі қалай жүзеге асып жатыр? Мәселен, балаларды айтпағанда үлкендердің өзі тексерілуден өтуге уақытылы келмей жатады.

– Орынды сұрақ. Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының білім алушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық тексерулерден өткізеді.

Халықтың нысаналы тобы – 1 айдан 18 жасқа дейінгі балалар.  Маман ретінде айта кету керек, бұл кезде бала толық медициналық тексеруден өтеді. 25 мамырдан қыркүйек айына дейін 0-18 жас аралағындағы балалар денсаулығында бір кінәрат анықталған жағдайда, бекітілген халық тіркелімі бойынша емханаға қаралып, амбулаторлы, күндізгі емхана, стационарлық емханаларда емдеуге болады.

Бірақ ата-аналар тарапынан алдын ала тексеруге қарсылық танытып, қолхат беретін жағдайлар да жиі кездеседі. Тіпті ересектердің өздері де денсаулығына немқұрайлы қарайтын­дары да бар. Бірақ әрбір баланың денсаулығының жақсы болуы – ата-ананың міндеті. Сол үшін барлық балаларды медициналық тексерістен уақытылы өткізу қажет деп есептейміз.

– Жүкті әйелдер арасында мынадай мәселелер жиі кездесуде. Іштегі баланың жүрек қағысы аяқастынан тоқтап қалатын, ерте түсік болатын жағдайлар. Кей мамандардың айтуынша, бұған экологиялық ахуал әсер етеді. Ал сіз қалай ойлайсыз? Мұндай жағдайлардың орын алуына не себеп?

– Экологиялық ахуалдан бұрын әрбір жүкті әйел өзінің және құрсақтағы сәбиінің денсаулығы мықты болуы үшін дәрігер нұсқаулығымен жүргені абзал. Маманмен ақылдаса отырып, денсаулыққа күтім жасаса, жүктілікті аман сақтап қалуға болады. Сонымен қатар болашақ аналар көңіл-күйге де баса назар аударған жөн. Өйткені бұл кезде күйзеліске түсу қауіпті.

Мен бас дәрігердің ана мен бала денсаулығы жөніндегі орынбасары, акушер-гинеколог дәрігер ретінде «Дені сау ұрпақ жарқын болашақ», «Дені сау бала – болашақ жемісі» дегендей жүктілікке дейін бастапқы медициналық санитарлық көмек деңгейінде әрбір маман тексеру жұмыстарын өткізіп, науқастылығы анықталған жағдайда міндеттік әлеуметтік көмек тегін тексерулер мен зерттеулерге ақша бөлінгендігін атап айтамын.

– Акушер-гинеколог ретінде айтыңызшы, жүктіліктің 9 ай бойы қауіпсіз өтуіне не істеуге болады?

– Емханаларда акушер-ги­не­колог дәрігеріне 100 жүкті әйел мен 3300 фертилді жастағы әйел қарайды. Жыл сайын әйелдер қарау бөлмесінен өтіп, гинеколог дәрігеріне қаралады. Міндетті түрде онкоцитологиялық жұғынды мен тазалық жұғынды алынады. Егер ауру табылған жағдайда гинеколог дәрігеріне жіберіледі. Қосымша дәрігерге дейінгі бөлмеден әйел­дердің бойы, салмағы, көз көруі, қант деңгейі, АҚҚ өлшенеді. Осы жерден аталған зерт­теулерден өзгеріс анықталған жағдайда ЖТД дәрігеріне қа­ралуға жіберіледі.

Жүктілік кезінде ЭГА анықталса, 36 аптаға дейін қала­мыздағы екі стационарға, қалалық аурухана мен облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылады. Тағы да айта кететін жайттардың бірі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өсті. 2023 жылы жүкті әйелдердің антенаталдық күтіміне қаржыландыру деңгейі өте жоғары. Сондықтан әрбір жүкті әйел гинеколог дәрігеріне тіркелген уақыттан бастап, босануға дейін барлық қызметті толық өз деңгейінде тегін ала алады. Тіркелген уақытта ҚР акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес міндетті зерттеулер жүргізіліп, жүктілік регистріне салынады. Жүкті әйелдің зерттеулерінен өзгеріс анықталған жағдайда жтд дәрігері экстагениталдық ауруын анықтап, қосымша тар буынды  мамандарға жібереді. Жүктілік кезінде науқастылығы анықталған болса, хаттамаға сәйкес қосымша зерттеулер жүргізіліп, қосымша толық тар буынды мамандар, ДКК дәрігері, штаттан тыс мамандар да қатысады. Жүктілік кезінде асқыну болған жағдайда  емханадағы бас дәрігердің ана мен бала жөніндегі орынбасарымен жүкті әйелдерге консиллиум жасалады. Консиллиум шешімі жүктілікті үзу, жалғастыру жөнінде ұйғарым береді.

– Ана мен бала денсаулығы мықты болуы үшін қандай кеңес бересіз?

– Жүкті әйелдерге әрбір бастапқы санитарлық медициналық көмек деңгейінде «Жас аналар мектебі» кабинеті қызмет атқарады. Бұл жерде арнайы маман «Тамақтану пирамидасы»,  «Қауіп факторлары», «Босану жолдарын дайындау» бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Жыл көлемінде ана мен бала өлім-жітімін азайту жөнінде 2023 жылға арналған жедел іс-шаралар жос­парлары аясында жұмыстар атқарылып келеді. Об­лыстық денсаулық басқармасы тарапынан ана өлімін болдырмау, сәби өлімін төмендету мақсатында облыс, қала емханаларына эксперттік класс ультрадыбыстық аппаратулармен, ктг аппаратымен қамтылған. Бойына бала біткен әрбір болашақ ана осы қағидаларды ескеріп, қолға алса, дәрігердің айтқанын орындап, денсаулығына аса мән берсе, құрсақтағы сәбиін қолына аман алып, нағыз ана бақытын сезінері сөзсіз. Барлық жүкті аналарға осындай бақыт тілеймін.

– Сұхбатыңызға рақмет! Ана мен бала аман болсын!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: