Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Нұридин ӘМИТОВ, көпбейінді облыстық аурухананың бас дәрігері: «Дәрігерге алғыс айтып, сый жасаудың қажеті жоқ»

26.01.2021

2533 0

Жаһандық пандемия денсаулық пен дәрігердің қадірін жіті ұқтырды. Елімізде былтыр наурызда өршіген індет аймақтағы медициналық мекемелердің режимін өзгертіп, дәрігерлердің вируспен күресуіне тура келді. Бұл ретте көпбейінді облыстық ауруханасы да күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Бүгінде ахуал тұрақталғанымен, қауіп сейілген жоқ. Ал аталған орталықта жұмыс барысы қазір қалай жүруде? Осы орайда көпбейінді облыстық ауруханасының бас дәрігері, облыстық мәслихат депутаты Нұридин Әмитовпен сұқбаттасқан едік.

Нұридин Егенбердіұлы, әңгімемізді індет кезінде аурухана жұмысы мен қазіргі ахуалдан бастасақ

– Індет кезінде аурухананың жұмыс кестесі өзгерді. Жоспарлы емдеу шарасы тоқтатылып, күндізгі стационар жабылды. Бөлімшелерді бірік­тіріп, барлық күш шұғыл көмек көрсетуге және коронавируспен күресуге жұмылдырылды. Тек жағдай тұрақталып, науқастар азая бастаған тұста ғана жоспарлы емдеуді бастадық. Дегенмен аурухана бірден бұрынғы қалыппен жұмыс істеген жоқ. Барлық емдеу мекемесінің енді-енді қалыпқа кеп жатқан кезі. Сондықтан аурухана өткен жылдың тамыз айының соңына таман ашылғанымен, науқастарды қабылдау, жалпы стационар, бөлімшелер жұмысы қазан, қараша айында жандана бастады. Коронавирус індеті әлі де бәсеңдеген жоқ қой. Аурухана бүгінгі күні де карантин режимінде, науқастарға барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай қызмет көрсетеді.

Нұридин ӘМИТОВ, көпбейінді облыстық аурухананың бас дәрігері:  «Дәрігерге алғыс айтып,  сый жасаудың қажеті жоқ»

Аурухананың медициналық құралжабдықтармен қамтылуы қалай? Қысылтаяң кезде қажетті құралдардың жетіспеушілігі болғанын білеміз.

– Жалпы аурухана базасының меди­циналық құралдармен жабдықталуы жеткілікті деңгейде. Бірақ ахуал күрде­ленген тұста қосымша аппараттар алуға тура келді. Пандемия кезінде аурухананың фильтр бөлімінде 180 төсек орын дайындалған. Оның ішінде жансақтау палатасында 20 төсек орын және ота залы ашылды. Сонымен қатар фильтр және қабылдау бөлімдерінде 150 медицина қызметкері жұмыс істеді. Ауруханада 15373 науқас емделді. Бұған қоса пандемия кезінде 30 төсек орынға арналған инфекциялық бөлім ашылып, 87 науқас ем алды. Қабылдау және фильтр бөлімдеріне 144 дана орталықтандырылған оттегі жүйесі орнатылды. Мұнан өзге облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасы жаңа заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылды. Яғни, 326 оттегі розеткасы, цифрлық жылжымалы рентген, «С-дуга» рентген-аппараттары, 3 наркоз және жансақтау төсек орыны, 9 ИВЛ аппараты алынды. 

– Ауруханада МРТ, КТ аппараттары бар ма? Жұртшылық сақтандыру пакеті болса да мұндай аппарат қызметі ақылы екендігін айтады.

– Иә, бұл ангиография, МРТ, КТ аппараттары ауыр техника санатындағы жабдықтарға жатады. Екі жыл бұрын жаңа компьютерлік томография алып, ескісін жөндеткенбіз. Қазіргі кезде екеуі де жұмыс істеп тұр. Алайда МРТ істен шыққан. Он жылдан аса уақыт қолданыста болғандықтан, жөндеуге келмейді екен. Бірақ бұл ем алатын науқастарды МРТ аппаратына ақылы түсіреді деген сөз емес. Аймақта басқа емдеу орындарымен (жеке клиника) келісім бар. Ауруханадағы науқасты МРТ-ға түсіру керек болса, тиісті мекеме арқылы тегін жүзеге асады. Алдағы уақытта көпбейінді облыстық ауруханасы мен кеңес беру диагностикалық орталығына екі МРТ аппаратын әкелу жоспарланып отыр. Бұл «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында да нақты айтылды. Алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс.

– Президенттің денсаулық саласындағы жас мамандарды қолдау бойынша тап­сырмасы бар. Бұл қалай жүзеге асып жатыр? Ауруханада  қандай мамандар тапшы?

– Ауруханада дәрігер мамандар жеткілікті. Тапшы мамандардан тек анестезиолог-реаниматологтарды айтуға болады. Бүгінгі күні ауруханада анестезиолог-реаниматологқа 7 орын бар. Бұл жалпы еліміз бойынша тапшы мамандық болып тұр. Медицина саласын таңдаған студенттер көбіне терапевт, хирург, неврапотолог сынды бағытты таңдайды. Негізінен нефролог, неонатолог, анестезиолог-реаниматологқа сұраныс жоғары. Осы орайда облыс әкімдігінің осы салаға бөлетін арнайы оқу гранты бар. Алдағы уақытта бізде жұмыс істегісі келетін жас мамандарды 3-5 жыл анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша резидентурада оқытсақ дейміз. Маман тапшылығын осылай қажетті бағытта оқыту арқылы реттеуді көздеп отырмыз.

– Осы ретте дәрігер біліктілігіне тоқталайықшы. Дәрігерлер жыл сайын біліктілігін арттырса да, халықтың оларға деген сенімі аз. Кейде науқасқа дұрыс диагноз қоя алмайтын жайттар кездеседі.

– Медицинада «қиын диагноз» деген түсінік бар. Кей науқастың диагнозын анықтау расымен қиынға соғып жатады. Ал кейде оған дәрігердің біліктілігі жетпейді. Кейде материалдық-техникалық жарақтардың жеткіліксіздігі де әсер етеді. Бес саусақ бірдей емес. Дәрігерлер арасында да біліксіздік, көңіл толмаушылық болады. Кейде ойламаған жерден қате кетіп жатады. Мұны ғылыми тілде «ятрогения» деп айтады. Кейде науқастың ағзасында ерекшелік болады. Маман оны байқамауы, тіпті ол көзге көрінбеуі мүмкін. Сол сияқты түрлі жағдай бар ғой. Оның бәрін дәрігердің біліксіздігі, қателігі деуге де келмейді. Дәрігердің де халық таңдаған, ерекше сыйлайтыны бар. Бірдің қателігі үшін бәріне күйе жағуға болмайды.  Сондықтан мамандық таңдар кезде адамның соған бейімі ескерілу керек. Ол үшін мектептен бастап, университет қабырғасындағы маман даярлау ісін жүйелеу керек. Мұны денсаулық саласының майталмандары үнемі айтып келеді.

– Өзіңіз басшылыққа келген 3 жыл ішінде ауруханада не өзгерді?

– Қазір барлық мекемені цифрландыру жүйесіне көшіру жүргізіліп жатыр ғой.  Бізде аурухана жұмысын сандық технологияға көшіруді толық  аяқтадық. Бұрынғыдай қолмен жазып, қағазға шұқшиып отыру жоқ. Барлығын уақытылы компьютерге енгізеді. Бұл аурухананың есеп-қисабын, дәріханадағы дәрі қорын, науқастың жағдайын, лаборотория, дәрігер жұмысын бір жүйеден бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қабылдау бөлімін қайта жаңғыртып, халықаралық стандартқа сай еттік. Медицинада «триаж система» деген ұғым бар. Қазіргі таңда қабылдау бөлімі сол системаға сәйкес жұмыс істейді. Одан бөлек симуляционды орталық ашып, оны қажетті құралдармен жабдықтадық. Орталықта мамандарға зейнетке шыққан реаниматолог дәрігеріміз науқасты дұрыс егу (укол салу), катетерді дұрыс орнату, интубация, клизма жасау, қан қысымын дұрыс өлшеу, жүрекке массаж жасау сынды т.б шеберлік сабағын өтеді. Әр бөлімшенің сабақ кестесі жасалған. Сондай-ақ қазір реабилитацияға көп көңіл бөлінуде. Бұл ретте аурухана жанынан емдеу-сауықтыру орталығын да аштық. Ондағы 4 бө­лімшеде аурудың санаты бойынша ем жүргізіледі. Бір­ақ індетке байланысты орталықты фильтрге беруге тура келді. Вирустың қаупі сейілсе, орталық жұмысы қайта жанданады.

– Жемқорлықпен күрес қалай жүргі­зілуде?

– Бұл ретте аурухананың заңгер маманы жұмыс істейді. Арнайы уақыт белгіленіп, жұмыс кестесі бекітілген. Соған сәйкес дәрігерлермен кездесіп, жемқорлық салдары аясында ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізеді. Одан бөлек денсаулық сақтау басқармасының заңгерлері де осы бағытта кездесу ұйымдастырады. Жалпы дәрігерге рақметін ай­тып, сый жасағысы келетіндер көп қой. Ондай кісінің дәрігермен де, басшылықпен де байланыс жасауына кедергі жасаймыз. Есік алдынан бөгде адамның кіруіне бөгет боламыз. Мұның барлығын күзетшілерге, қабылдау бөлімінің қызметкерлеріне ескертіп қойғанбыз.

– Қазір жұртшылықты 1 ақпанда баста­латын вирусқа қарсы жаппай вакцинациялау талабы алаңдатуда. Халықта қорқыныш бар. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Өзіңіз екпе салдырасыз ба?

 – Бүкіл әлемді жаулаған пандемияны жоюдың бірден-бір жолы вакцинация жасау, иммунитет қалыптастыру. Сондықтан бұған оң көзқарастамын. Жеке басым вакцина салдырамын.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: