Аймақтағы денсаулық сақтау саласы бойынша өзекті мәселелер облыстық көпбейінді ауруханада облыс әкімінің орынбасары Н. Сақтағановтың қатысуымен өткен кезекті алқада талқыланды. Күн тәртібіне ана мен бала денсаулығы, медициналық сақтандыру, халықты иммундау тақырыптары қойылды.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ә. Әбдіқайымова вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың өңірдегі эпидемиологиялық жағдайы мен оларға қарсы профилактикалық екпелермен қамту барысын баяндады. Аудандар мен облыс орталығындағы бірқатар емханалардағы вакцинациялау жұмыстарының атқарылуы бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысын, анықталған кемшіліктерді атап өтті. Олқылықтардың орнын толтыру үшін орындалуы тиіс жұмыстарды ортаға салды.
“Профилактикалық екпелерді уақытылы алмау, негізсіз бас тарту, екпемен қамту көрсеткіштерінің төмендеуі – ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне, вакцинамен басқарылатын аурулардың бас көтеруіне алып келетіні белгілі. Оның үстіне коронавирус пандемиясы Ұлттық егу күнтізбесіндегі бірқатар егулердің жүргізілуіне өз кедергісін тигізгені жасырын емес. Соның салдарынан бүгінде “А” вирусты гепатиті, қызылша ауруларының эпидахуалы алаңдатарлық деңгейде,”- деді Ә. Әбдіқайымова.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!