Тамақ өнімдерін таңбалау – қаптамаға немесе тауардың басқа да көмекші құралдарына салынған мәтін, шартты белгісі немесе сурет. Таңбалаудың басты мақсаты – тұтынушыға тауар туралы мәліметтерді жеткізу, сондай-ақ тауарды сәйкестендіру болып табылады.
Таңбалау мынадай ақпараттарды қамтуы тиіс:
- дайындаушы кәсіпорынның атауы, орналасқан жері және оның бағыныстылығы, тауар белгісі;
- өнімнің атауы, түрі, сорты;
- нетто және брутто салмағы;
- буып-түю бірліктерінің саны, орам бірлігінің таза салмағы;
- өндіру күні, ауысым, партия нөмірі;
- сақтау мерзімі, сақтау шарттары;
- өнімге арналған нормативтік құжаттаманы белгілеу;
- азық-түлік және энергетикалық құндылық туралы ақпарат;
- тауарды пайдалану бағытына қарай басқа да қосымша таңбалау.
Сонымен қатар тамақ өнімдерінің таңбалануы түсінікті, оқуға оңай, сенімді және тұтынушыларды адастырмауы қажет. Қаптамасында өнім туралы ақпарат беретін мәліметтері мүлде жоқ өнімдерді сатып алудан аулақ болыңыз, себебі бұндай өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне күмән тудырады.
Кедендік одақтың 022/2011 Техникалық регламенті одақ аумағында еркін айналымға түсетін тамақ өнімдерін таңбалауға қатысты біртұтас, орындауға міндетті болып табылатын талаптар жиынтығы болып табылады. Техникалық регламент өндіруші алдына тағам өнімдерін бұрмаламай нақты ақпарат келтіре отырып, таңбалау арқылы тұтынушының тамақ өнімдері туралы шынайы ақпарат алу құқығының шектелмеуіне қатысты талаптарды белгілейді.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен 2025 жылдың 1 тоқсанында өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеуге барлығы 261 тауар сатып алынды. «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының зертханасыда жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша 64 сәйкессіздік анықталды, соның басым бөлігі, яғни 60 сынама таңбалану бойынша талаптарға сай болмай шықты.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кез келген өнім сатып аларда тауардың таңбалануына, атап айтқанда, қаптамасы мен орамының бүтіндігіне, сыртқы түр-пішінінің бұзылмауына, жарамдылық мерзімінің көрсетілгеніне, мемлекеттік және орыс тілінде ақпараттардың келтірілгендігіне, құрамы мен өндіруші туралы мәліметтің бар екендігіне назар аударуға кеңес береді.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшысының орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!