Тамақ өнімдерін таңбалау – қаптамаға немесе тауардың басқа да көмекші құралдарына салынған мәтін, шартты белгісі немесе сурет. Таңбалаудың басты мақсаты – тұтынушыға тауар туралы мәліметтерді жеткізу, сондай-ақ тауарды сәйкестендіру болып табылады. Таңбалау арқылы тұтынушы тауар туралы барлық қажетті ақпараттарды біле алады.
Таңбалау мынадай ақпараттарды қамтуы тиіс:
- дайындаушы кәсіпорынның атауы, орналасқан жері және оның бағыныстылығы, тауар белгісі;
- өнімнің атауы, түрі, сорты;
- нетто және брутто салмағы;
- буып-түю бірліктерінің саны (тұтыну ыдысындағы өнімдер үшін), орам бірлігінің таза салмағы;
- өндіру күні, ауысым, партия нөмірі;
- өнімге арналған стандартты белгілеу;
- сақтау мерзімі (сақтау шарттары).
- өнімге арналған нормативтік құжаттаманы белгілеу;
- азық-түлік және энергетикалық құндылық туралы ақпарат;
- тауарды пайдалану бағытына қарай басқа да қосымша таңбалау.
Сонымен қатар тамақ өнімдерінің таңбалануы түсінікті, оқуға оңай, сенімді және тұтынушыларды адастырмауы қажет. Қаптамасында өнім туралы ақпарат беретін мәліметтері мүлде жоқ өнімдерді сатып алудан аулақ болыңыз, себебі бұндай өнімдердің сапасы әрі қауіпсіздігіне күмән тудырады.
Кедендік одақтың «022/2011 Техникалық регламенті» одақ аумағында еркін айналымға түсетін тамақ өнімдерін таңбалауға қатысты біртұтас, орындауға міндетті болып табылатын талаптар жиынтығы болып табылады. Техникалық регламент өндіруші алдына тағам өнімдерін бұрмаламай нақты ақпарат келтіре отырып, таңбалау арқылы тұтынушының тамақ өнімдері туралы шынайы ақпарат алу құқығының шектелмеуіне қатысты талаптарды қояды.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кез келген өнім сатып аларда тауардың таңбалануына, атап айтқанда, қаптамасы мен орамының бүтіндігіне, сырты түр-пішінінің бұзылмауына, жарамдылық мерзімінің көрсетілгеніне, мемлекеттік және орыс тілінде ақпараттардың келтірілгендігіне, құрамы мен өндіруші туралы мәліметтің бар екендігіне назар аударуға кеңес береді.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаенті басшысының орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!