Қызылорда қаласындағы №3 емхананың қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс күндері күніне 20-ға дейін пациент қабылдайды. Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметінің басты қағидасы – халыққа «осында және қазір» көмек көрсету.
Бірнеше сағат ішінде ІІ топ мүгедегі Бақытбек Бекбасаровтың мәселесі шешілді. Зейнеткер «ревматоидты полиартрит» диагнозымен диспансерлік есепте тұр. Бұл созылмалы аутоиммунды ауру асқынулардың алдын алу үшін үнемі бақылауды және емдеуді қажет етеді.
– Жыл сайын күндізгі стационарда ем қабылдаймын, дәрілерді уақытылы аламын. Аптасына бір рет емханада «Методжект» гормондық препаратын аламын. Пациенттерді қолдау қызметінің арқасында қалалық аурухананың тәулік бойғы стационарына жатқызу мәселесі жедел шешілді, басында орын болмағандықтан қабылдамаған еді. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің мамандары бұл мәселені небәрі бір-екі сағатта шешіп берді. Менің жұбайыма да осындай көмек көрсетті, – дейді Бақытбек Бекбасаров.
Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметінің үйлестірушісі Гүлжамал Тәжібаеваның айтуынша, қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі тек емхана шеңберінде шектелмейді. Қажет болған жағдайда пациенттерді еліміздің басқа өңірлеріндегі медициналық ұйымдарға жолдауға жәрдемдеседі.
– Көбінесе тұрғындар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрігерлердің қабылдауына жылдам қол жеткізу, зертханалық және диагностикалық тексерулерден өту, сондай-ақ МӘМС жарналары мен аударымдарын төлеу тәртібі туралы сұрақтармен жүгінеді. Барлық мәселелерді барынша жедел шешуге тырысамыз, пациенттерге қолайлы жағдай жасауға күш саламыз. Менің ойымша, МӘМС жүйесі медицина қызметкерлерінің жұмысын едәуір реттеп, жалпы медициналық саланың тиімділігін арттырды, – деді Гүлжамал Тәжібаева.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!