Биыл 3 маусымда Астанадағы Medina Plastic Surgery жеке клиникасында мұрын кеңсірігін түзету бойынша жоспарлы операциядан кейін Ақтаудың 59 жастағы тұрғыны көз жұмды. Әйел ұзақ уақыт тыныс алудың қиындығына шағымданып, хирургиялық көмекке жүгінген. Алайда жоспарлы операция қайғылы аяқталды. Оқиғаға қатысты BAQ.KZ тілшісі толығырақ зерттеп көрген болатын.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті хабарлағандай, медициналық көмектің сапасына қатысты шағым пациенттің қазасынан кейін, яғни 3 шілдеде түскен. Тексеру барысында анықталғандай, Medina Plastic Surgery клиникасы 2025 жылғы 20 наурыз бен 3 маусым аралығында консультациялар мен операциялар жүргізген кезде медициналық қызметке арналған мемлекеттік лицензиясыз жұмыс істеген.
Консультациялар мен операциялар жүргізу кезінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 17-бабы мен «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңның 28-бабы 1-тармағының 9-тармақшасы талаптары бұзылған. Осы кезеңде «Medina Plastic Surgery» ЖШС-інде «Пластикалық хирургия», «Анестезиология және реаниматология», «Нейрохирургия» және өзге де бағыттар бойынша мемлекеттік лицензия мен оған қосымша құжат болмаған, – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Клиниканың медициналық қызметке арналған мемлекеттік лицензиясы тек 2025 жылдың 17 маусымында, яғни пациенттің қазасынан екі апта өткен соң берілген.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты клиникаға қатысты жоспардан тыс тексеру 10-16 шілде аралығында жүргізілді. Оның нәтижелері құқықтық баға беру үшін Астана қалалық полиция департаментіне жолданды.
2025 жылдың 28 тамызында уәкілетті органның шешімімен «Medina Plastic Surgery» клиникасының лицензиясының күші тоқтатылды.
Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі Aesthetic Life клиникасына қатысты өзге бір оқиға туралы да хабарлады.
2025 жылдың 28 сәуірінде «Aesthetic Life» клиникасында пластикалық операция жасалғаннан кейін пациент комаға түсті. Ол шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, реанимация бөліміне орналастырылды, – делінген министрлік жауабында.
Аталған оқиға бойынша пациенттің өмірі мен денсаулығына келген залалдың деңгейін анықтау үшін тәуелсіз сараптамалық комиссия жұмыс істеп жатыр. Сараптама қорытындысы шыққан соң зардап шеккен науқастың туыстары Денсаулық сақтау министрлігіне жоспардан тыс тексеріс жүргізу туралы өтініш бере алады.
Денсаулық сақтау министрлігі наркоз қолданылатын хирургиялық операцияларды жүргізетін медициналық ұйымдарға лицензия беру қатаң түрде 2023 жылғы №78 және №41 бұйрықтарда белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылатынын еске салды. Бұл құжаттар анестезиологиялық, реаниматологиялық және хирургиялық көмекті көрсетудің стандарттарын реттейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
