Аймағымызда сәуірдің 24-25 күндері Қазақстан Республикасының психикалық денсаулық орталықтарының бас дәрігерлері мен қызметкерлерінен құралған психикалық денсаулық орталықтары командалары арасында волейболдан республикалық спартакиада ұйымдастырылған болатын.
Салауатты өмір салтын насихаттау және психикалық денсаулық сақтау мекемелері арасындағы өңіраралық өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің Алматы, Орал, Петропавл, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Жетісу, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларынан барлығы 13 команда, қатысып, қызықты да тартысқа толы ойын көрсетті.
Екі күнге созылған жарыс бәсекесінің қорытындысында Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының волейбол спорт командасы I-орынды иеленiп жеңіске жетсе, II-орынды Түркістан, III-орынды Орал қаласының командалары алды.
Сондай-ақ, жарыста үздік ойын көрсеткен жекелеген спортшылар да атаулы номинация бойынша марапатталды. Атап айтар болсақ, Тараз қаласының қатысушысы Құндыз Қуанышева «Үздік қорғаушы» номинациясымен марапатталса, «Үздік байланыстырушы» номинациясын Шалқар Бектемір, «Үздік шабуылшы» номинациясын Атырау қаласының қатысушысы Марат Бегалиев, және «Үздік ойыншы» номинациясын Түркістан қаласының қатысушысы Сабырқожа Исмаилов иеленді.
Республикалық турнирдің жабылу салтанатында Қазақстан Республикасының бас психиатры Есқалиева Алтынай Тукенқызы мен «Психиатрия саласында істейтін мамандар қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінiң Президенті Алтынбеков Сағат Әбілхайырұлы жеңімпаз командалар мен ойыншыларды турнир медальдарi және бағалы сыйлықтарымен марапаттады.
Айта кетейік, «Психиатрия саласында істейтін мамандар қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен волейболдан өткiзiлiп жатқан республикалық спартакиада биыл екінші рет Сыр Елінде ұйымдастырылып отыр, бұған дейін Тараз қаласында өткiзiлген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!