Сейсенбі, 16 сәуiр, 14:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қауіпсіз ойыншықты қалай таңдау керек?

18.05.2023

931 0

Әр отбасының бақыты – балалар үшін ойыншықтардың маңызы зор. Кез келген бала ойыншық арқылы есейіп, ой-өрісін дамытады. Ата-аналар көп жағдайда ойыншықтың қауіпсіздігі мен сапасына баса мән бере бермей, баланың сұраған ойыншығын ойланбастан алып беріп, оның қаупі туралы ойлана бермейміз. Сондықтан ойыншық сатып аларда саналылық білдіріп, жауапкершілікпен қарағаны абзал.

Қазақстанда балалар ойыншықтарының сапасы мен қауіпсіздігі «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» Кедендік одақтың техникалық регламентімен реттеледі. Дәл осы құжат ойыншықтар сапасы мен қауіпсіздігін қаматамасыз ететін бірқатар талаптарды белгілейді.

Ойыншықты таңдау кезінде ең алдымен қамтамасына назар аударыңыз. Онда ойыншықтың атауы, өндіруші туралы ақпарат пен оның орналасқан жері, ойыншық арналған баланың жасы, техникалық регламентке сәйкестігі, тұтыну қасиеттері туралы деректер, өндірілген күні, сақтау мерзімі мен шарттары көрсетіледі. Яғни ойыншықтың қамтамасындағы жазулар өнім туралы толық ақпарат беруі тиіс.

Сонымен қатар ойыншықтың иісіне де мән беру маңызды, бұл арқылы оның сапасын жанама түрде анықтауға болады. Ойыншықтардың өткір, жағымсыз иісі болмауы керек және ойыншықтың боялған бетінің беріктігін тексеру керек. Ойыншықтардың өндірісінде қолданылатын  бояғыш заттар қауіпті  болып табылады, оның құрамына формальдегид, фенол, феноксил, метил, изгобитурат және т.б. кіреді. Ойыншықтарда осы қауіпті заттардың деңгейі мөлшерден асып кетсе, бала өміріне үлкен қауіп төндіреді. Кішкентай балалар ең алдымен ойыншықтардың дәмін татуға тырысады, нәтижесінде  сапасыз ойыншық болса оның құрамындағы химиялық заттар ағзаға еніп, балалардың бүйректері, бауырлары, асқазандары, иммундық жүйесіне қауіп төндіреді, сондай-ақ әр түрлі аллергиялық реакциялық әсері болуы мүмкін. Ойыншықтардың бояуы немесе лак заттардың түскенін көрсеңіз, алмағаныңыз жөн. Ондай ойыншықтар  баланың сілекей және тыныс алу жолдары арқылы баланың ішкі организміне түседі.

Назар аударатын тағы бір жағдай, ойыншықтардың үшкір бұрыштары мен қисық шеттері болмауы тиіс. Себебі мұндай ойыншықтар баланың жарақаттануына әкеп соқтырады. Сондай-ақ ойыншықтың айрықша өткір, жарық түстілерін, қорқынышты құбыжық түрлерін алмауға тырысу қажет, ол баланың көру сезіміне және психологиясына теріс әсер беруі ықтимал.

Тағы бір маңызды нәрсе естеріңізде болсын, Қазақстанның сауда нүктелерінде сатылатын ойыншықтарда өндіруші мемлекетіне қарамастан, жүргізілген зерттеулерге негізделген сәйкестік сертификаты, яғни олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаты болуы шарт. Сәйкестік сертификаттары бүкіл Кеден одағында жарамды болып табылады.

Бірақ базарларда олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын ешбір құжатсыз саудалайтын жағдайлар да жоқ емес.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі аймақтағы сауда орындарындағы ойыншықтарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады.

Өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу аясында 2022 жылы сауда орындарынан ойыншық өнімдерінің 70 сынамасы сатып алынып, зертханалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мониторинг шеңберінде сараптама жүргізуге іріктеп алынған өнімдердің басым үлесі, яғни 63% – өзге елдерде өндірілген, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерде өнірілген өнімдер – 36%. 

Жүргізілген зертханалық сараптамалар нәтижесімен сатып алынған барлық өнімнің 28 үлгісі, яғни 40 пайызы техникалық регламенттердің талаптарына сай келмей шықты. Талаптарға сай болмай шыққан өнімдердің  2-еуі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндірілген, ал 26 сәйкессіздік Қытай, Өзбекстан елдерінің өнімдері.

Сараптама нәтижелерімен қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша сәйкессіздік анықталған импорттық өнімдер туралы ақпарат Комитетке тиісті елдердің өндірушілерін одан әрі хабарлауы үшін жолданды.

Нарықта ойыншыққа деген сан түрлі ұсыныс болғанымен таңдау Сіздің қолыңызда!

Динара Жанабергенова,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: