Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде Өзбекстанда еліміздің жетекші клиникаларының 100-ден астам маманы Өзбекстанның бес қаласында — Ташкент, Ферғана, Самарқанд, Бұхара және Нүкісте көшпелі консультациялар, мастер-кластар мен операциялар өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нүкіста қазақстандық дәрігерлер инвазивті пренаталдық диагностика бойынша мастер-кластар өткізді: емшараны жүргізу техникасын көрсетті және төрт пациентке амниоцентез жасады.
Генетик дәрігер психомоторлы және психосөйлеу дамуының тежелген, туа біткен кемістіктері бар балаларға, сондай-ақ қауіп тобындағы жүкті әйелдерге 13 скринингтік ультрадыбыстық зерттеу жүргізді.
Н. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия орталығының мамандары сонымен қатар пациенттерге Ташкенттегі бейінді клиника базасында роботтандырылған эндопротездеу бойынша мастер-класты қоса алғанда, шамамен 15 күрделі операция жүргізді.
Кардиохирургия мен аритмологияда өзбек әріптестермен күрделі аритмиялардың катетерлік абляциясы, митралдық қақпақшаның ең аз инвазивті пластикасы, сондай-ақ белгілі қазақстандық кардиохирург Юрий Пяның қатысуымен аорталық қақпақшаны транскатетерлік имплантаттау (TAVI) бойынша бірлескен мастер-кластар өткізілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!