Жұма, 22 қараша, 02:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қазақстан – вакцина жасап шығарған санаулы мемлекеттің бірі

19.10.2021

1033 0

 «Бірінші байлық – денсаулық». Бұл сөздің мағынасын дәл қазіргі уақыт қатты ұғындырды. Бүгінде денсаулық саласы – басты назарда. Әлемді жайлаған пандемия, елімізде болған төтенше жағдай мен карантиндік режим халықты әуре-сарсаңға салды. Бір сөзбен айтқанда ұлт саулығы – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін тағы бір дәлелдеді.

Соңғы екі жылда адам тағдыры мен денсаулығы қатты сыналды. Елімізде дерттің әлегімен алысқандар да, оған төтеп бере алмағандар да жетерлік. Саусақпен санауға әсте келмес. Бұл қиын қыстау кезең денсаулық саласының өкілдеріне де оңайға соқпады. Олар халықтың амандығы үшін күні-түні аяқтан тік тұрып қызмет етті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру керегін ашық айтты.

– Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттің бұған қолы жетпей отыр. Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн. Адамзат көптеген індетті бастан өткерген. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек, – деді Президент.

Қызылорда облысында соңғы мәлімет бойынша вакцина алғандар саны І компонентті 87,9, ІІ компонентті 70,4 процентті құрап отыр. Бүгінде елімізде жағдай біршама тұрақты. Дегенмен қауіп әлі сейілген жоқ. Себебі облыс бойынша 17 қазанда 22 жағдай тіркелген. Оның 18-і симптомды, 4-і симптомсыз.

Мемлекет басшысы медицина саласындағы өзге дерттің тасада қалмауын ашып айтты. Расында, коронавирусқа қатысы жоқ дегенмен адам өміріне қауіп төндіретін ауруларды да естен шығармаған абзал. Бүгінде медицинада вакцина салдыруға басымдық беріліп, жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалуда. Сондай-ақ бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаларға салынбай қалуда. Президент өз Жолдауында мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуді тапсырды. Сонымен қатар медицина саласына қомақты қаржы құю керектігін баса айтты. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалады. Оның ішінде фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті. Себебі вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруды тапсырды.

– Жолдауда көрсетілгендей, «Дені сау ұлт» жобасы аясында еліміздегі 12 зертхана жоғары технологиялық құралдармен жабдықталмақ. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтің сапасын арттырып, халықтың жағдайын жақсартуға септігін тигізетініне сенімдімін. Алдағы 2022- 2025 жыл аралығында республикалық бюджет есебінен сол жағалаудан 300 төсекке арналған көпбейінді аурухана, қан орталығының құрылысын іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ 2023 жылы ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысын бастау көзделуде. Сонымен бірге облыстық бюджет есебінен 2022-2025 жылдар аралығында Баймұрат батыр ауылы, Сабалақ саяжайында, «Наурыз» шағын ауданында дәрігерлік амбулатория салынады. Ал Досан ауылы, Ягодка, Эдельвейс саяжайларында медициналық бекеттердің құрылысын жүргізу қолға алынуда, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.

Сондай-ақ Жолдауда «денсаулық кепілі – дене шынықтыру» екені анық айтылған. Осыған байланысты алдағы уақытта халықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалатын болады.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: