Денсаулық сақтау саласында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу тиімділігін арттыру және оларға баға белгілеуді жақсарту үшін шаралар кешені қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл жұмыс ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша жүргізілді. Биыл көктемде Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының және бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС-ның қызметіне мемлекеттік аудит жүргізілді.
Жоғары аудиторлық палата азаматтар мен ауруханалардың дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қалай қамтамасыз етілетінін тексерді. Аудит аяқталғаннан кейін аудит объектілеріне анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою үшін нақты тапсырмалар берілді.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) шеңберінде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың шекті бағаларын қалыптастыру қағидаларына маңызды өзгерістер енгізді.
Референттік баға белгілеу (басқа елдердегі бағаларды салыстыру) тәртібі жаңартылды және баға белгілеуді барынша нақты әрі ашық ету үшін қолда бар өзекті деректер мен ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, бағаларды тіркеу көзделген.
Басты мақсат – негізсіз үстеме бағалардың алдын алу. Жаңа механизм шеңберінде ТМККК мен МӘМС жүйесіне кіретін 2,9 мың дәрі-дәрмек атауының, сондай-ақ бөлшек және көтерме сауда үшін 4,9 мың дәрі-дәрмек бағасы қайта қаралды.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұдан бұрын бекітілген бұйрықтарына да өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде 453 позиция бойынша баға төмендеді, 38 позиция бойынша баға көтерілді, 601 позиция өзгеріссіз қалды. Медициналық бұйымдардың 1,4 мың техникалық сипаттамасы және дәрілік заттардың 1,1 мың халықаралық патенттелмеген атауы түзетілді. Қосымша дәрілік заттардың 28 жаңа позициясы енгізілді.
Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор БҰҰДБ мен ЮНИСЕФ-ті қоса алғанда, БҰҰ жүйесінің халықаралық ұйымдарымен жасалған келісімдерді қайта қарап, жаңартты. Енді құжаттарда мынадай жаңа тармақтар бекітілді: медициналық тауарларды жеткізу мерзімдері мен сапасының сақталуы үшін жауаптылық; жосықсыз жеткізушілерге айыппұл санкцияларын қолдану; ішінара алдын ала төлем жасау мүмкіндігі.
Қабылданған шаралар сатып алу қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, жеткізілетін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылауды күшейтуге, сондай-ақ баға белгілеу механизмдерін оңтайландыруға бағытталған. Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша басқа да тапсырмалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
