Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан азаматтардың жалпы саны 400 мыңнан асқан. Тек биылдың өзінде 43 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеліпті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, алдағы аптада елордада Протондық терапия орталығы есігін ашады. Қондырғы жылына күрделі локализациясы бар 900-ге жуық науқасты қабылдай алады.
Бұл – біздің медицина үшін үлкен қадам. Қазақстан – протондық терапия орталығы жұмыс істейтін әлемдегі 25-ші ел. ТМД аумағында мұндай аппараттың саны үшеу ғана, ал Орталық Азияда – біріншісі. Радиофармпрепарат өндірісі де кеңейіп жатыр. Диагностикада және емдеуде қолданылып жатқан бірнеше препарат бар. Жақын күндері алғаш рет әрі диагноз қоюға, әрі емдеуге арналған жаңа препарат іске қосылады. Радиойодпен ем қабылдайтын науқастарға арналған палаталардың саны да артты. Биыл тағы сегіз бөлме ашылып, ем басталып кетті, – деді министр елордада өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның кулуарында берген сұхбатында.
Белгілі болғандай, жаңа орталық өткен жылы пайдалануға берілген Ұлттық онкологиялық орталықтың базасында орналасады. Бұған дейін протондық терапия алу үшін бір ғана жылдың ішінде шетел клиникаларына 2 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталатын. Енді бұл технология Қазақстанда қолжетімді болады.
Біз Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен бірлесіп, әсіресе бас, ми және басқа да күрделі локализацияларда кездесетін ісіктерге шалдыққан балаларды заманауи әдіспен емдеуді талқылап жатырмыз. Екі жыл бойы біздің мамандар протондық терапия саласында алдыңғы қатарлы мемлекеттерде білім алды. Оқыту республикалық бюджет есебінен жүргізілді. Бұл Қазақстандағы онкологиялық науқастар үшін ем аясын кеңейтеді және қажет болған жағдайда көрші елдердің азаматтарын да қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің сөзінше, протондық терапия азаматтарға мемлекет есебінен көрсетіледі. Онкологияға байланысты барлық диагностикалық және емдік шаралар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тегін жүргізіледі.
Қазір 400 мыңнан аса адам түрлі онкологиялық диагнозбен есепте тұр. Биыл жаңадан 43 мың жағдай анықталды. Ең бастысы – ерте диагноз. Біз соңғы жылдары ерте анықтау көрсеткішін шамамен 30%-ға жақсарттық. Сондықтан онкология статистикасының өсуінен үрейленудің қажеті жоқ. Маңыздысы –ауруды уақытында анықтап, емді ертерек бастау. Еуропамен салыстырғанда, еліміздегі онкологиялық сырқаттанушылық деңгейі әлі де төмен, – деп дейді министр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
