Қазақстандық дәрігерлер қазақстандықтарды “гонконг тұмауының” алдын алуға шақырды. Бұл маусымдық тұмау кезінде екпе алып, иммунитетті бақылауға кеңес береді. Бұл туралы Stan.kz агенттігі “Жетінші” арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Эпидемиялық маусым басталғалы бері Қазақстанда зертханалық түрде расталған тұмау – А вирусының үш жағдайы тіркелді. Бұл вирус халық арасында “жаңа гонконг тұмауы” деп аталып кеткен. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәлімдеуінше. бұл вирустың ерекшелігі – оның тез өршуінде.
Тұмау жұқтырған адамның қызуы көтеріліп, құрғақ жөтел пайда болады. Жұқтырғаннан кейін 1–2 күн ішінде дене сырқырап, басы аура бастайды.
Қорғанудың басты шараларының бірі – вакцинация. Ел бойынша құрамында өзекті штамдар бар 2 миллионнан астам доза вакцина сатып алынды. Екпені ерікті түрде де алуға болады.
“Халықтың ең осал топтарын қорғау мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық көмек шеңберінде бірыңғай дистрибьютор мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 2 миллион 100 мың доза “Гриппо плюс” вакцинасын сатып алды. Вакцинация келесі санаттағы азаматтарға жүргізіледі: динамикалық бақылауда тұрған балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің тұрғындарына, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне”, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің инфекциялық ауруларды бақылау басқармасының басшысы Айгүл Катренова.
Десе де ЖРВИ жұқтырғандардың деңгейі төмендеп келеді. Соңғы аптада 142,5 мың жағдай тіркелген — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға аз.
“Гонконг тұмауы” — жаңа вирус емес, бұрыннан белгілі маусымдық тұмау штамдарының бірі. Соған қарамастан, ол халықтың осал топтары үшін айтарлықтай қауіпті болуы мүмкін”, – дейді дәрігерлер.
Сәтбаев қаласының СЭС басқармасының басшысы Әсел Битаеваның айтуынша, тұмауды жұқтыруы ықтимал топтарға балалар, жүкті әйелдер және қант диабеті, жүрек-қантамыр жүйесі, тыныс алу органдары аурулары сияқты қатар жүретін дерттері бар ересектер жатады.
Тамақтану және салауатты өмір салты жөніндегі сарапшылар екпенің аурудан толық қорғайтын әмбебап құрал емес екенін айтады. Ең бастысы – иммунитетті көтеріп, сақтау.
“Біріншіден, ұйқы мен демалыс. Ұйқы қанбаса, үнемі шаршаңқы жүру иммунитеттің белсенділігін айтарлықтай төмендетеді, мұндайда ешбір дәрумен дәрменсіз. Екіншіден, тамақтану – ас мәзірінде ақуыз жеткілікті болу керек. Үшіншіден, жылу пен ылғал. Құрғақ ауа шырышты қабықтарды қатты құрғатады, ал олар – суық тию мен вирустардан қорғайтын бірінші қорғаныс желісі. Бөлмені жиі желдетіп, жылы шөп шайлары мен тұнбаларды мол ішу иммунитетті нығайтуға көмектеседі”, – дейді нутрициолог Гаухар Байгелова.
Дәрігерлердің айтуынша, А тұмауына байланысты жағдай бақылауда. Ауру жұқтыру жағдайлары аз болғанымен, босаңсуға болмайды – алда қыс, суық күндер, яғни эпидемиялық маусым. Ақхалаттылар қазақстандықтарға “ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде” деп кеңе берді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
