Обырға қарсы отандық препаратты әзірлеуші Nazarbayev University профессоры Дос Сарбасов 2026 жылы клиникалық сынақтардың жаңа, шешуші кезеңіне көшетінін жариялады, деп жазады Egemen.kz.
Жануарларға жасалған клиникаға дейінгі табысты зерттеулерден кейін құрама препараттың екінші компонентіне қатысты жаңа, адам ағзасы ең жоғарғы шегінде көтере алатын сәл жоғары дозаны қолдануға рұқсат берілді. Бұл доза емнің тиімділігін арттыруы мүмкін деген болжам бар.
«Біз препаратты стандартты химиялық терапияға дейін қолдану туралы ең маңызды шешімге келдік. Бұған дейін оны пациенттер бірнеше кезеңдік химиялық терапиядан өтіп, тым әлсіреген кезде ғана пайдаланатынбыз. Жаңа тәсілдің арқасында препараттың ісікке және метастаздарға тікелей әсерін, сондай-ақ ағзаның оны қаншалықты көтере алатынын нақты бағалай аламыз. Бұл – біз үшін стратегиялық шешім. Себебі препарат тиімділігін анықтаудың ең дәл әрі мақсатқа сай жолы осы», деді Дос Сарбасов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
