Сәрсенбі, 10 қыркүйек, 20:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№68, 2181
09.09.2025
PDF мұрағаты

Қор медициналық қызметтердің сапасына мониторинг жүргізудің жаңа тәсілдерін енгізеді

10.09.2025

48 0

Мемлекет басшысы өз Жолдауында жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізу үшін жаңа жүйе құру міндетін қойды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде. 2025 жылы медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі базасында «Мониторинг» модулі іске қосылды. Бұрын стационарлық және амбулаторлық көмек жеке-жеке бағаланса, жаңа жүйе пациенттің емханаға қаралуынан бастап стационарға жатқызылуына дейінгі медициналық көмек жолын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді.

Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесінің бірінші кезеңінде 20-дан астам автоматты тексеру алгоритмі іске асырылды. Медициналық қызмет көрсетілгеннен кейін деректер жүйеге түсіп, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен қызмет көрсету стандарттарына сәйкестігі тексеріледі. Сәйкессіздіктер анықталса, жүйе ақауларды тіркеп, мәселелерді жедел анықтауға және жеткізушілер мен аймақтар бойынша аналитикалық есептер жасауға мүмкіндік береді.

Модуль 2025 жылдың наурызында Ақмола облысындағы медициналық ұйымдарда пилоттық режимде іске қосылды. Оның нәтижесінде оң динамика байқалды: ақаулар азайып, стандарттардың бұзылуы төмендеді. Бұл жүйенің медициналық қызмет көрсетушілер тарапынан талаптардың орындалуына ықпал етіп отырғанын көрсетеді.

    Сонымен бірге жаңа платформа енгізілгелі медициналық ұйымдар тарапынан сұрақтар мен пікірлер айтылды. Атап айтар болсақ,  дефектілерді автоматты түрде тіркеу, алгоритмдердің логикасының ашықтығы және қарсылық білдіру тәртібі жиі көтерілді. Қор бұл бағытта кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді: өңірлерде медициналық қауымдастық өкілдерімен жүзден астам кездесу мен оқыту сессиялары ұйымдастырылды, түскен ұсыныстарды ескере отырып, дефектілерді қолдану тәсілдері жаңартылды, жүйе пайдаланушыларына арналған оқыту іс-шаралары жүргізілуде.

          Жаңа жүйенің ерекшеліктерінің бірі — келіспеушіліктерді автоматты түрде енгізу және қарау тәртібі. Ақау тіркелгеннен кейін медициналық ұйым жүйе арқылы қарсылық білдіріп, дәлелдемелер мен растайтын құжаттарды қоса алады. Олар аймақтарға бөлінбей, көрсетілген қызмет профиліне сәйкес Қор сарапшыларына автоматты түрде беріледі, бұл мониторингтің объективтілігін арттырады. Бұдан бөлек, қажет болған жағдайда шағымды екінші рет қарау механизмі қарастырылған: оны басқа сарапшы қарайды, яғни медициналық ұйым келіспеген жағдайда әртүрлі мамандар жіті тексереді. Олардың пікірлері бір-біріне көрінбейді, бұл екі жерден дәлелдеме алуға мүмкіндік береді.

          Сонымен қатар, алгоритмдерді жетілдірумен қатар медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесінің пайдаланушы интерфейсін жақсарту, функционалдың жұмысын жеделдету және медициналық ұйымдар үшін ыңғайлылығын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Қор мамандары жүйенің IT-әзірлеушілерімен бірге ақауларды тіркеу логикасын ашық әрі түсінікті ету, қарсылықтарды өңдеуді жеделдету және шағымдарды тапсыруды жеңілдету бағытында жетілдірулерді енгізуде.

          Қор мониторинг нәтижелерін жүйелі түрде талдап, нормативтік немесе ұйымдастырушылық қайта қарауды талап ететін сұрақтарды уәкілетті органға жібереді. Мұндай ведомствоаралық диалог анықталған қайшылықтарды жоюға және медициналық қызмет көрсету мен есепке алудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге қажет.

          Президенттің тапсырмасына сәйкес мониторинг жүйесіне жасанды интеллект технологиялары енгізілмек. Бұл 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.

          ЖИ қолдану күрделі сәйкессіздіктерді анықтаудың дәлдігін арттырып, аналитикалық процестерді жеделдетіп, тәуекелдерді болжауды жақсартып, ресурстарды тиімді бөлуді қамтамасыз етеді деп күтілуде.

          Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі мен «Мониторинг» модулін жүйелі түрде жаңартудың нәтижесінде Қор келесі мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздейді: пациенттің маршруты бойынша көрсетілген көмектің сапасын объективті әрі ашық бағалау; жедел кері байланыс пен қызмет көрсетушілерді оқыту нәтижесінде стандарт бұзушылықтарының санының төмендеуі; бюджеттік шығыстардың тиімділігін көрсетілген қызметтердің көлемін жіті бақылау арқылы арттыру; сондай-ақ бірыңғай ережелер мен дұрыс деректер негізінде медициналық ұйымдар мен сақтандыру жүйесі арасындағы сенімділікті нығайту.

          Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының

Қызылорда облысы бойынша филиалының

ақпараты бойынша

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: