Бейсенбі, 26 желтоқсан, 22:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Құлақ ауырса, не істейміз?

28.05.2022

33334 0

Емханаға бара қалсаң, құлақ, мұрын және тамақ ауруын емдейтін дәрігердің алды үнемі адамнан босамайды. Өйткені қазір құлағы ауыратын, туабітті есту қабілеті нашар науқас қатары көп. Олар дер кезінде дәрігерге қаралып, уақытылы ем-дом алмайды. Салдары созылмалы асқынуға әкеп соғуда. Адамның басқа мүшелері сияқты, барынша мұқият назар аударуды қажет ететін ағзаның бірі – құлақ. Суға шомылу, салқын тигізу, тұмау – оның асқынуының бірден-бір себебі. Сондай-ақ бас шайқалу,  бас-сүйек жарақаты да тікелей әсер етеді. Мамандардың  айтуынша, соңғы кезде қала тұрғындары арасында құлағы ауырып, есту қабілеті төмендеу жиілеген.

«Бас ауырса – цитрамон,  тіс ауыр­са – пенталгин ішеміз. Алайда құлақ бітеліп, шаншып ауырса не істейміз? Жасыратыны жоқ, мұндай жағдайда біріміз құлағымызды мақтамен  таза­лаймыз. Ал енді біріміз сыртын  спирт­пен сүртеміз. Бірақ  мамандар қандай жағдай болмасын, құлақты өз еркімен емдеуге болмайтынын ескертеді. Себебі оған бактерия, вирус түсіп, құлақ қуысын қабындырады. Оның соңы есту қабілетінің төмен­деуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

– Бұл ауру балаларда көп кездеседі. Олардың ішкі құрылысына байланысты. Себебі салқын тиіп, тұмау болған жағдайда мұрыннан сұйықтық ағады. Ал мұрын мен құлақтың ор­тасында есту түтікшесі орналасқан. Ол балаларда енді дамып келе жатқандық­тан құлақ ауруының асқынуына әсер етуі мүмкін. Бұл ауру иммунитеті төмен, туа біткен ақауы бар балада жиі кездеседі. Сондықтан жас аналар аяғы ауыр кезде барынша өз денсаулығын күтіп, тұмаумен ауырмағаны жөн. Ал егде кісілерде жасының ұлғайғанына байланысты есту қабілеті төмендейді. Олардың жас кезінде қандай аурумен ауырғаны да құлаққа әсер етеді. Жалпы бас, ми, құлақ, мұрын, ауыз қуысы бір-бірімен тығыз байланысты. Осыған орай аурудың неден, қалай пайда болғанын анықтау үшін барлығын бөліп жармай бірге тексереміз. Қан қысымының төмендеп кетуі, қатты уайымдау, бастың жарақаттануы құлақтың нашарлауына әкеп соғады, – деді қаладағы «Mediker» клиникасының отоларинголог дәрігері Қалдыгүл Сейілова. 

Жалпы алғанда құлақ аурының – ортаңғы отит, созылмалы отит, құлақ­тың сыртқы қабынуы секілді бірнеше түрі бар. Дәрігердің айтуынша, бала­лар арасындағы ең жиі кездесетін түрі – ортаңғы отит. Қарапайым тілмен айтқанда,  ортаңғы құлақтың қабынуы. Ол көбіне балаға суық ти­генде, инфекциялық аурулардың ас­қы­нуынан дамиды. Соның салдары құлақтың  қабыну процесін тудырады. Ол солқылдап ауырып, құлақтан бұлақ ағып, тіпті дене қызуы көтеріледі. Егер қабыну процесі біршама уақытқа  созылса, ортаңғы құлақта жапсырма және тыртық пайда болып, құлақ нашар еститін болады. Мамандардың айтуынша, ортаңғы құлақтың қабы­нуын дер кезінде емдемесе, арты созылмалы ауруға ұласады. Бұл кезде құлақ ауырып, бітіп қалғандай сезім пайда болады. Көбіне құлақты қою сұйықтықтан тазарту үшін ота жасайды екен. Дәрігерлер созылмалы ортаңғы құлақтың қабынуы 6-12 жастағы балалар мен 5-7 жастағы жеткіншектерде жиі кездесетінін айтады.

Қазіргі кезде заман талабына сай күннен-күнге дамыған заманауи техно­логияның арқасында сан түрлі  есту құрылғылары қолданыста бар. Бүгінде дыбыс есту мүмкіндігінен айырыл­ған қаншама жанға осы құрылғы қайта үміт сыйлауда. Осыдан бірнеше жыл бұрын аппараттың көмегіне жүгіну үшін емделушілер еліміздің ірі қалаларына баратын еді. Ал қазір мұндай мүмкіндік біздің өңірде де қолға алынған. Алысқа барып сабылмай, жақын жерден-ақ өзіне керегіне қол жеткізуге болады.

Мамандар құлақтың естімейтінін екі нәрсе арқылы анықтайды. Олар ауа және сүйек. Бұрын жүре пайда болған саңыраулықтың ешқандай емі болмаған. Алайда соңғы он бес жылдың көлемінде жасанды ұлу арқылы медицина есту мүшесін қайта қалпына келтіріп, адамды мүгедектіктен құтқаруда. Ал түрлі аурудан пайда болып, асқынып, созылмалы құлақ ауруына шалдыққан әрбір науқасқа есту құрылғысын ұсынып отыр.

– Науқас аурудың төртінші немесе бесінші сатысында болғанда ғана бұл құрылғыға жүгінгені жөн. Егер жұмысына байланысты қиындықтар туатын болса, бірінші сатысына да ұсынуға болады. Бізде бұрын тек құлақтың сыртында тұратын құрылғылар қолданыста болса, бүгінде ыңғайлы, көлемі кішкентай, ішінде тұратын құрылғы да бар. Қазіргі кезде жастар құлақтың ішіне орналасатын құрылғыны жиі қолданады. Құлағы нашар еститін балалар өз ортасынан оқшаулау жүруге тырысады. Ешкім­мен араласпай, тұйықталып өседі. Қатарластарының арасында өзін кемсі­тіп, төмен санайды. Сондықтан бала­ларына есту құрылғысының ең қымбатын, қолайлысын алып беретін ата-аналар бар. Оны қолданған әрбір адам суға түскенде, ұйықтар алдында алып қойған жөн, – деді Қ.Сейілова .

Негізінде бұл құрылғыны есту қабілеті нашарлағанда не мүлде есті­мей қалғанда дыбысты күшейту үшін пайдаланады. Ол микрофоннан, электр тербелісін күшейткіштен және қорек беретін электр көзінен тұрады. Бұл электрлі есту құрылғысы ХХ ғасыр басында АҚШ-та пайда болған. Бүгінде мұның құлақтың сыртына, ішіне, қалтаға салынатын, көзәйнекке ілінетін бірнеше түрлері бар. Құлақтың артында тұратын қондырғы көбіне пластиктен жасалады екен. Бұл арқылы адам анық естіп, қалыпты жауап бере алады. Дегенмен мамандардың айтуынша, қазіргі кезде құлақтың ішіне салынатын шағын құрылғылар сұранысқа  ие.

– Жол апатына түсіп, ауыр жарақат алдым. Басыма зиян тигендіктен құлағыма да әсер етті. Есту қабілетім нашарлап, бірнеше рет ота жасаттым. Бүгінде осы құрылғының көмегінің арқасында ел қатарлы өмір сүріп жүрмін. Айналамдағылармен емін-еркін араласамын. Уақытылы дәрігердің қадағалауында болып, үнемі тексеріліп, құлағыма сәйкес құрылғыны ауыстырып отырамын. Қазір заман талабына сай күннен-күнге технология дамып, түрленуде.  Алдағы уақытта, ең соңғы үлгімен шыққан құрылғыны қолдансам ба деп жүрмін, – дейді қала тұрғыны Ерлан Жарасұлы.

Жалпы құлақ тыныштықты қалайды.  Ал құлағына күні бойы құлаққап тағып жүретіндерді жиі көреміз. Ондағы дауыс құлақтың жүйке тамырларына әсер етеді екен. Кейін құлақта бітпейтін шуыл пайда болады. Осылайша құлақтың қызметі бұзыла бастайды. Көбі құлаққаптың зиян екенін білсе де, мән бермейді. Алайда сала мамандары құлақтың қызметі бір күнде бұзылмайтынын, осындай дүниелер кері әсер беретінін алға тартуда.

Сондай-ақ қазір құлағын шұқып отырғандарды жиі көреміз. Алайда медицинада құлақты жиі шұқи беруге болмайды. Әсіресе басына мақта оралған арнайы таяқшаларды қолданбаған абзал. Өйткені  олар құлақ қалқанын ғана тазалауға қолайлы. Мұн­дай кезде құлақтың есту арнасын таза ұстауға көмектесетін арнайы там­шыларды пайдаланған абзал.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: