Сейсенбі, 26 қараша, 19:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда: модульді аурухана өз жұмысын бастамақ

31.07.2021

672 0

«Өңірімізде эпидахуал тым күрделеніп барады. Ауру саны өршуде. Соңғы тәулікте 220 жағдай тіркелді. Науқастардың көбеюіне байланысты аурухана жүктемесі артып отыр. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасы негізінде аймақ орталығындағы модульді аурухана алдағы аптада ашылып, пайдалануға беріледі», – деді облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары індеттің таралуы ұжымдастар арасында, отбасылық іс-шаралардан және көпшіліктің жиналуынан белең алып жатқандығын айтты. Сондай-ақ «Соңғы кездегі науқастардың көбісінің қайдан жұқтырғанын анықтау қиынға түсуде. Яғни, кез-келген адамнан жұғу ықтималдығы жоғары», – деді.
Өткен тәулікте тіркелген 220 жағдайдың 65 пайызы симптомды түрімен анықталып, инфекциялық стационарларға жатқызылған. Науқастардың көбі зейнеткерлер, жұмыссыздар және балалар. Сондай-ақ, олардың 99 пайызы екпе алмағандар.
Ал жыл басынан тіркелген 10 077 жағдайдың 6290-ы Қызылорда қаласының үлесінде. Аудандар бойынша жоғары көрсеткіш Жаңақорған, Шиелі және Сырдария аудандарында анықталып отыр.
«Былтыр дәл мұндай көрсеткіш болған жоқ. Індет жұқтырғандардың 1147-і 14 жасқа дейінгі балалар. Былтыр 213 қана бала ауырғанын ескерсек, көрсеткіш 5,3 есеге өсіп отыр. Өткен жылы 99 оқушы ауырса, осы жылы 719 оқушы ауырған», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазиловтың айтуынша, аймағымызда инфекциялық стационарда 1059 науқас, реанимациялық төсек-орында 67 науқас ем қабылдап жатыр. Өңірдегі ахуалға сәйкес медициналық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс жасауда. 28 шілдеден бастап ауруханалардағы төсек-орын саны артып, 1970-ке, оның ішінде реанимациялық орын саны 146-ға жеткен. Амбулаторлы түрдегі емдеу жұмыстары да жүргізілуде. 138 дәрігерлік мобильдік топ күніне 40 шақырысқа барса, жедел жәрдем қызметі 1500 шақырысқа дейін орындауда.
Айта кету керек, індеттің алдын алу бағытында мониторингтік мобильді топтар да жұмысын күшейткен. Осы уақытқа дейін карантин талаптарын бұзған 431 дерек тіркеліп, оның ішінде 286 тұрғынның той жасағаны анықталған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: