Бейсенбі, 05 наурыз, 11:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17 (2229)
03.03.2026
PDF мұрағаты

Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің үндеуі

05.03.2026

63 0

Фото: Ашық дереккөз

Құрметті облыс тұрғындары, ата-аналар!

Бүгінгі таңда қызылша ауруының жағдайы әлі де алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл – жай ғана бөртпемен өтетін жеңіл сырқат емес. Қызылша – ауа арқылы лезде таралатын, бір адамның ондаған адамға жұқтыруына себеп болатын қауіпті инфекциялардың бірі.


Ауру асқынған жағдайда өкпе қабынады, ми зақымданады, ауыр жағдайлар орын алуы мүмкін. Әсіресе, екпе алмаған балалар үшін қауіп жоғары. Сондықтан бұл ауруды жеңіл өтетін инфекция деп қабылдау қате болып табылады.
Ең өкініштісі – бүгінгі күні сырқаттанып жатқандардың басым бөлігі қызылшаға қарсы вакцина алмағандар және вакцинаның толық курсынан өтпегендер. Бұл – жай статистика емес. Бұл – әр отбасының амандығына тікелей қатысты мәселе.
Қызылшаға қарсы вакцинация – аурудың алдын алудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы. Екпе алған адам тек өзін ғана емес, айналасындағы адамдарды да қорғай алады. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана індеттің жолы кесіледі.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №3 қаулысымен бірқатар шаралар қабылданды. Қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы иммундауды кеңейту көзделген, атап айтқанда:
• Эпид.ахуал тұрақтанғанша 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды егу;
• ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес егілмеген 2-5 жас және 7-18 жас аралығындағы балаларды ілеспе және толықтыра иммундау;
• 30 жасқа дейінгі егілмеген, егілгені туралы деректері жоқ, сондай-ақ осы инфекцияға қарсы алдыңғы қосымша жаппай иммундау барысында егілмеген денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерін егу;
• шетелдік азаматтарды қоса алғанда, қызылшамен ауырған адаммен соңғы қарым-қатынаста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірмей 30 жасқа дейінгі адамдарға шұғыл вакцинация жасау талап етілген.
Бұдан бөлек, Қаулыға сәйкес балаларды стационарларға, ұжымдық ұйымдарға қабылдауға қатысты бірқатар келесі күшейту шаралары белгіленді:
• балаларды жоспарлы түрде стационарларға жатқызу тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар балаларды қоспағанда, қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы вакцинация болған кезде жүзеге асырылады;
• жабық мекемелерге (балалар үйлеріне, мектеп-интернаттарға, балалар мен ересектерге арналған психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарға) қабылдау Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде вакцинация болған кезде жүргізіледі;
• қызылша жағдайларының тіркелуі кезінде екпе алмаған балалар мектепке дейінгі ұйымдарға және мектептерге барудан 21 күнге уақытша шеттетіледі.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың екпе күнтізбесін тексеріңіздер. Егер вакцина алмаған болса, медициналық ұйымдарға жүгініңіздер. Бүгін қабылданған дұрыс шешім – ертеңгі қауіптің алдын алады. Қызылшаға қарсы вакцинация – таңдаудың емес, жауапкершіліктің мәселесі. Баланың қауіпсіздігі – Сіздің шешіміңізге байланысты.
Денсаулық – ең үлкен байлық. Өз өміріміз бен ұрпағымыздың болашағын бірге қорғауға шақырамын.

Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: