2025 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына кері байланыс арналары арқылы Қызылорда облысының тұрғындарынан медициналық қызметтерді алу бойынша 2 669 өтінім келіп түсті. Олардың қатарында пациенттердің алғыстары, шағымдары мен ұсыныстары бар.
Қор филиалының мәліметінше, өтініштердің басым бөлігі кеңес беру сипатында болды. Азаматтарды МӘМС жарналарын төлеу тәртібі, медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жолдамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын рәсімдеу, сондай-ақ медициналық көмекті көрсету шарттары, жеңілдік санаттары мен тізімдердегі өзгерістерге қатысты түсіндірулер қызықтырған.
2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Қор жүйесіне барлығы 736 шағым түскен. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 111 шағымға немесе 11,9%-ға аз.
Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда қайтарып алынған шағымдардың үлесі 51,1% -дан 56,3%-ға дейін өсті. Атап айтқанда, 736 шағымның 415-і (56,3%) пациенттерді қолдау қызметтері мен медициналық ұйымдардың ішкі сараптама бөлімдері арқылы «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша қайтарып алынған немесе шешімін тапқан.
Қызылордалықтар ең көп шағымды келесі мәселелер бойынша жолдаған:
- медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі – 294 (39,9%);
- медициналық көмек көрсетуден бас тарту – 238 (32,3%);
- ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды беруден бас тарту – 94 (12,8%).
Осылайша, өтініштердің негізгі бөлігі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, сондай-ақ пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз етуге байланысты.
«МӘМС жүйесі іске қосылғалы Қорда кері байланыстың бірнеше арнасы жұмыс істейді: msqory.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және 1414 байланыс орталығы. Азаматтардан түскен барлық өтінімдер міндетті түрде қаралады және толық шешілгенге дейін бақылауда болады», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов.
Сондай-ақ Қор филиалында азаматтардың өтініштерін талдау денсаулық сақтау саласындағы жүйелі мәселелерді анықтауға, сондай-ақ МӘМС пен ТМККК аясында медициналық көмектің ашықтығын, қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін халықтың кері байланысын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!