Адам папиллома вирусының 200-ден астам түрі бар. Оның кем дегенде жоғары онкогенді 14 түрі жатыр мойны обырын және басқа да қатерлі ісіктерді тудыруы мүмкін. Жатыр мойны обырын тудыратын адам папиллома вирусының алдын алудағы тиімді тәсіл – вирусқа қарсы вакцина салдыру екені ғылыми дәлелденген. Жатыр мойны обыры – алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік түрі.
АПВ-ға қарсы вакцинациялау әлемнің 135 елінде жүргізіледі, әлемдік деңгейде бұл вакцинация өзінің тиімділігін дәлелдеді.Яғни екпе жүргізілген мемлекеттерде жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіштері төмендеген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша АПВ екпесін 9-14 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында қолдану барынша тиімді. Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау 11 жастағы қыздарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Ұлттық егу күнтізбесіне енгізіліп, 2024 жылдың күзінен бастап жүргізілуде. Сондай-ақ жоспарлы екпеге қосымша 12-13 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцинация ілеспе егу ретінде салынуда.
Бүгінгі күні Қызылорда облысы бойынша 4889 қыз вакцинацияның 1-турымен, 5088 қыз 2-турмен екпе алды. Вакцинациядан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. АПВ вакцинасы 6 айлық аралықпен екі рет егіледі. Қолданылатын вакцина – АҚШ-та жасалған «Гардасил» екпесі. Вакцина қауіпсіз және құрамында вирустың ДНҚ-сы жоқ. Аллергиялық реакциялардың ықтималдығы минималды. Жүргізілген зерттеулер бойынша вакцина 10 жылдың ішінде әсерін жоғалтпайды және жыл сайын егу қажеттілігі жоқ. Адам папиллома вирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырынан қорғайды және әйелдің бала туу қабілетіне әсер етпейді.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарға қыздардың денсаулығы мен болашағы үшін оларға екпе салдыртуға кеңес береді.
Гульмира Сыздыкова,
Қызылорда облысының СЭБД
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!