Адам папилломасы вирусы (АПВ) – бұл теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабаттарын зақымдайтын вирустар тобы. Ол жылдам таралуға қабілетті әрі жатыр мойны қатерлі ісігін тудыруымен қауіпті.
Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, 600-ден астам әйел бір жылда осы дерттен көз жұмады. Жатыр мойны обыры еліміз бойынша барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған қатерлі ісіктің түрі.
Бүгінгі таңда адам папиллома вирусының алдын алудағы бірден бір әдіс – вакцинация. Жыныстық белсенділікке дейін аталған екпені егу вирусты жұқтыру мүмкіндігін және қатерлі ісік ауруының даму қаупін азайтады. АПВ екпесі қауіпсіз және репродуктивтік денсаулыққа кері әсерін тигізбейді. Аталмыш вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы әлемнің 135 мемлекетінде жүргізіледі.
Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау Ұлттық егу күнтізбесіне 2024 жылы енгізілді. Ол 6 айлық аралық пен екі рет егіледі. Қолданылатын вакцина – АҚШ-та жасалған «Гардасил», құрамында вирустың ДНҚ-сы жоқ. Аллергиялық реакциялардың ықтималдығы өте төмен.
Қызылорда облысы бойынша 2025 жыл қорытындысымен АПВ-ге қарсы 7 091 қыз бала егумен қамтылды, оның 73,6 пайызы – 11 жастағы қыздардың үлесінде болса, 26,4 пайызы – ілеспе екпемен қамтылған 12-13 жас аралығындағы қыз балалар үлесінде. Жоспарлы егудің қамту көрсеткіші 63,6 пайызды құрады. Вакцинациядан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелген жоқ.
Жүргізілген зерттеулер бойынша вакцина 10 жылдың ішінде әсерін жоғалтпайды және жыл сайын егуді қа¬жет етпейді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, АПВ екпесін қолданысқа енгізген елдерде аурушаңдық көрсеткіштері төмендеген. Сондықтан Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарға қыздардың денсаулығы мен болашағы үшін оларға екпе салдыртуға кеңес береді.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!