Қызылорда облысында 500 орынға лайықталған «Сейхун» инфекциялық стационары соңғы науқасты үйіне шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
Айта кетсек, облыс орталығында эпидахуал ушыққанда «Сейхун» инфекциялық стационары қайта жасақталып, індетпен күресте белсенді жұмыс атқарған болатын. Стационар 30 шілде күні 500 орынға лайықталып ашылды.
«Екі аптадан астам уақытта коронавирус індетіне шалдыққан 200-ге жуық науқасқа ем-дом шаралары көрсетілді. Оған облыстық психикалық денсаулық орталығының 70 қызметкері стационар жұмысына жұмылдырылды. Биыл коронавирус індеті жас азаматтардан көп анықталды. Әсіресе, екпе қабылдамаған қызылордалық азаматтар ауыр жағдайда орталыққа жеткізіліп жатты. Яғни, бұл ретте әрбір азамат өзінің денсаулығы үшін вакцина салдыру қажет екенін еске салғымыз келеді. Екпе қабылдаған адамның ағзасы індетпен күресуге қауқарлы. Бұрынғы беймарал өмірімізге оралу үшін мамандардың кеңесіне құлақ асып, екпе алуға шақырамын. Қазір екпенің жеткілікті қоры да, таңдау мүмкіндігі де бар»,- деді облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Аман Тұрсынов.
Еске салсақ, Қызылорда облысында екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 65,9%-ы вакцина салдырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!