Эхинококкоз – паразитарлық індет. Эхинококк жұмыртқаларын тасымалдаушылар – иттер, үй жануарлары, кеміргіштер және жәндіктер болып табылады. Адам қарапайым санитариялық гигиеналық қағидаларды сақтамауы салдарынан инфецияны жұқтыруы ықтимал. Эхинококкоздың едәуір бөлігі созылмалы түріне ауысуына байланысты мүгедектікке, асқынған жағдайда тіпті өліммен аяқталуы мүмкін.
Жыл сайын Қызылорда облысы тұрғындары арасында 20-дан аса эхинококкоз ауруы тіркеледі. Оның ішінде 30% –14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында анықталады. 2021 жылы эхинококкоз ауруының 23 жағдайы есепке алынса, 2022 жылы 25 жағдай, ағымды жылдың 4 ай ішінде 12 жағдай тіркелген.
2022 жыл қорытындысымен балалар арасындағы аурушандық Жалағаш, Қармақшы, Сырдария және Шиелі аудандарында орташа облыстық көрсеткіштен жоғары болды. Жалпы өткен жылы тұрақсыз эпидемиологиялық ахуал Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында орын алса, ағымды жылдың 4 айында жоғары аурушандық Шиелі ауданында тіркелді.
Науқастанғандардың эхинококкоз кистасы басым көпшілігінде (75%) бауырда, қалған 25% өкпеде орналасқан. Жыл сайынғы профилактикалық тексеру барысында эхинококкоз ауруына шалдыққандардың анықталу көрсеткіші өте аз, 2021 жылы – 3,8 % құраса, 2022 жылы -8 % құраған. Басым көпшілігі науқастар медициналық көмекке жүгінген жағдайда ғана анықталуда.
Эхинококкоз ауру ошағында ветеринария мамандарымен бірігіп толық эпизоотолого-эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп, қарым-қатынастағыларды анықтап, ошақта індетке қарсы алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы 2022 жылы тіркелген эхинококкоз ауруының 28%– үй жануарларымен (ит)байланысты, 44% алиментарлы жолмен жұқтырылғаны анықталып, қалған 28% аурудың жұғу, таралу жолдары белгісіз болып қалуда. Эхинококкоз ауруының басым көпшілігінде алиментарлық жолмен таралуы ветерианариялық-санитариялық, профилактикалық шаралардың жеткіліксіздігін және халықтың қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерін сақтауға салғырт қарайтындығын көрсетеді.
Эхинококкоз індеті – адамның жасы мен жынысын таңдамайтын паразиттік аурулардың ішіндегі ең қатерлі, қиын да күрделі созылмалы аурулардың бірі. Ауру қоздырғыштары жануарлардан топырақ, су, өсімдіктер, мал өнімдері арқылы адамға және басқа ауылшаруашылық малдарына жұғады.
Осы індетке шалдыққан адамдар саны жыл сайын артып келеді, бұл індетпен ауырған адамдар тек операциялық жолмен емделеді, ішкі органдарының мүшелерінен айырылады (бауыр, өкпе, көк бауыр т.б.). Олар әр түрлі топтағы мүгедектер санына қосылады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті паразиттерді жұқтырып алмас үшін бірнеше ережелерді сақтауға кеңес береді:
– қарапайым жеке бас гигиенасын орындау, көшеден келгеннен кейін, тамақтанар алдында, ақшамен, жануарлармен жанасқаннан кейін қолды сабындап жуу;
– қаңғыбас иттерге жақындамау, үй жануары бар болса жүйелі түрде ветеринарлық клиникаға тексертіп отыру. Міндетті түрде жануарды дегельминтизациялаудан өткізу.
– көкөністер мен жеміс-жидектерді, тіпті өз бақшаңыздан алынған болса да мұқият жуу;
– егер қауіпсіздігіне күмәндансаңыз суды ішпеу, сондай-ақ ондай суды ас дайындау үшін пайдаланбау;
– тағамға тек термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдалану;
– асүйді шыбын-шіркейден таза ұстау. Мысалы, терезелерге қорғаныш тор бекіту, дайын тағамдардың бетін жауып қою;
– балық және ет тағамдарын әзірлеу қағидаларын сақтау;
– азық-түлікті әсіресе, мал шаруашылығы өнімдерін тек рұқсат етілген орындардан сатып алу;
– аурудың белгілері байқалған болса, дәрігер көмегіне жүгіну.
Әлия Әбдіқайымова,
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!