Қызылорда облыстық жедел жәрдем стансасының фельдшері жүрегі тоқтап қалған науқастың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Медицина мекемесенің мәліметінше, 4 сәуір күні жергілікті тұрғын жедел жәрдем қызметіне хабарласқан. Айтуынша, анасы алғаш рет жүрегіне шағымданған. Шақырту бойынша мекенжайға дереу жеткен ақ халаттылар зейнет жасындағы пациенттің шағымдарын толық жинап, алғашқы көмек көрсеткен.
Науқасты ауруханаға жеткізу барысында автокөлік ішінде науқастың жүрегі тоқтап, жағдайы нашарлай бастаған. Фельдшер жүрегіне қайта жандандыру әдісін жүргізіп, жағдайы қалыпқа келген. Ол шұғыл түрде облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы бір қалыпты, кардиология бөлімінде ем қабылдауда. Өз кезегінде зейнеткердің отбасы ақ халаттыларға алғысын білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!