Бейсенбі, 15 қаңтар, 19:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3 (2215)
13.01.2026
PDF мұрағаты

Қызылша ауруы бойынша аймақтағы ахуал қандай?

15.01.2026

52 0

Фото: Ашық дереккөз

Қызылорда облысы көлемінде 2025 жылы вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың ішінде қызылша ауруының 339 жағдайдан есепке алынды, 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 39,16 құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 есеге төмен.


Жалпы облыс бойынша қызылша ауруына күдікті диагнозбен 376 жедел хабарлама келіп түскен, науқастың қан сарысу сынамасы лабораториялық зерттеулермен қамтылып, 10 пайызында қорытындысы теріс нәтижелі болды. Жалпы ауруға шалдыққандардың 93,2 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде, оның ішінде 4 жасқа дейінгі балалардың үлесі – 82 пайызды құрады. Ауруға шалдыққандардың 71% – қызылшаға қарсы егілмегендер, оның ішінде 46,5 пайызы – екпелерден түбегейлі бас тартқандар.
Облыс көлемінде 2025 жыл қорытындысымен қызылша, қызамық, эпидпаротит, ауруларына қарсы алғашқы егумен жалпы 16128 бала егілген, оның 15978-і жасына сәйкес қамтылғандар. 1 жастағы мақсатты топтағы балаға шаққанда егумен қамту көрсеткіші 99,4 пайызды құрады.
Аурудың алдын алудағы індетке қарсы, профилактикалық шаралар жалғасуда, орындалуы қатаң бақылауда.
Қызылша – дене қызуының 38-40° С-қа дейін көтерілуімен, көз, мұрын жұтқыншақ, жоғарғы тыныс алу жолдарындағы қабыну құбылыстарымен, бөртпенің пайда болуымен сипатталатын жіті инфекциялық ауру.Инфекция көзі – науқас адам. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы ауру адам түшкірген, сөйлеген кезде таралады. Егер адам бұрын-соңды қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы вакцина алмаған болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін ауруды жұқтырып алу ықтималдылығы өте жоғары болады. Қызылшамен ауыратын науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн ішінде қауіпті. Қызылшамен ауырып, сауыққаннан кейін адамдарда өмір бойына иммунитет пайда болады. Бұл аурумен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі. Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға өкпенің қабынуы, орта құлақтың қабынуы, кей жағдайда энцефалит тәрізді асқынуларға ұласуы мүмкін.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес баланың 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцинаны уақытылы алу қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар жеке бас гигиенасын сақтауды, салауатты өмір салтын ұстануды, ауру белгілері байқалған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, шұғыл түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажеттігін ұсынады.

Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: