Қызылша – аурудың жалпы жағдайының бұзылуымен, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуымен және денеге теңбіл, терінің үстіне көтеріліп бөртпе шығуымен сипатталатын жедел жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы: вирус. Бұл вирус қоршаған ортада төзімсіз, бірақ өте ұшпа, яғни вирус ауамен тез және алысқа тарайды. Ауру көзі – ауру адам, қызылша әсіресе бастапқы және бөртіп шыққан алғашқы күндерінде мейлінше жұққыш болып келеді. Бөртіп шыққаннан 4 күн өткен соң науқас қауіпты емес. Таралу жолы –ауа –сілекей жолы. Қызылшамен ауырған кезде пайда болатын жөтел мен түшкіру инфекцияның таралуына себеп болады. Қызылшамен ауырған адаммен бір бөлмеде және қасындағы бөлмелерде болу балаларға жұғу қаупін төндіреді. Сезімталдық балалар жас шамасына қарамастан қызылшамен ауырғыш келеді, әсіресе 1-8 жас аралығындағы балалар. Маусымдылық – қыс, көктем айлары. Иммунитет – тұрақты. Клиникалық белгілерінде қызылшаның 4 кезеңі бар, жасырын, катаральды, бөртпе шығу және сауығу. Аурудың жасырын кезеңі 9-10 күнге созылады, ал егілген балада 21 күнге дейін болады. Катаральды бастапқы кезең 3-5 күнге созылады. Баланың дене қызуы 38-390С-ға дейін көтеріледі, катаралдық белгілер пайда болады: мұрнынан су ағады, жөтел, түшкіру, коньюктивит, көз қарығу болады. Осы кезде қызылшаға ғана тән ауыздың сілекейлі қабығында, азу тістерінің тұсында ұнтақ жарма тәріздес ұсақ ақ дақтар пайда болады, олар 2-3 күнге дейін сақталады. Мұнымен қатар жұмсақ таңдайдың сілекейлі қабығында қызғылт дақтар пайда болады. Ауырған баланың беті қабырынқы, көзі қызарып, жасаураған, қабақтары ісіңкі, көзі қарығулы, мұрнынан су ағып тұрады. Келесі бөртпе шығу кезеңінде аурудың дене қызуы 39-40С дейін көтеріліп, көңіл күйі бұзылып, бас ауырғаны ұлғайып, тәбеті төмендейді, ұйқысы бұзылады, енжар көңілді. Аурудың денесіне бөртпелер этапты түрде шығады:
Бірінші күні ауырған баланың бетіне, құлақтың сыртына, мойнына, терінің үстіне көтеріліп теңбіл бөртпе шығады.Екінші күні денесіне шығып, кейбір бөртпелер қосылып ұлғаяды. Үшінші күні бөртпе қолдарына, аяқтарына тарайды. Бөртпе шығып болғаннан кейін аурудың дене қызуы төмендеп жалпы жағдайы жақсара бастайды. Аурудың сауығу кезеңінде бөртпе шыққандағы кезекпен жоғалады да орнында қоңыр дақ қалады. Аурудың клиникалық көріністерінін жойылуы баланың толық айығып кеткендігін білдірмейді, оның организмі әр алуан микробтарға қарсы тұра алмайды.
Қызылша пневмония, ларингит, бронхит және энцефалитпен асқынуымен мүмкін. Науқас баланы оңашалау керек, ауырған балалар көбіне үйінде емделеді. Ауруханада қызылшаның тек қана ауыр түрі және ауруды оңашалауға мүмкіншілік болмаған жағдайда ғана жатқызылады. Ауырған баланың жатқан жерін таза ұстап, желдетіп тұру керек. Балаға гигиеналық күтім өткізу: беті-қолын уақытылы жуу, көзін, мұрнын тазалау, еріндерін майлау, аузын шайдыру. Тамақ баланың жасына сай болып, витаминдерге бай болуы керек. Витаминдер комплексі мен симптоматикалық ем беріледі.
Қызылша ауруына қарсы егу жұмыстары 1 жаста, 6 жаста жоспарлы түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, қызылшамен ауыратын науқаспен тығыз байланыста болған 30 жасқа дейінгі егілмеген, егілгені туралы деректері жоқ немесе осы инфекцияға қарсы вакцинаның екінші профилактикалық егуі жоқ адамдар шұғыл вакцинациялау жүргізіледі (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 02 ақпандағы № ҚР ДСМ-13 бұйрығымен бекітілген «Қарсы профилактикалық егулер жүргізілетін инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарға қатысты санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес).
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!