Сейсенбі, 25 қараша, 15:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90 (2202)
25.11.2025
PDF мұрағаты

Қызылшаға қарсы вакцинация – жалғыз сенімді қорғаныс

25.11.2025

50 0

Фото: BAQ.KZ архив

Қызылша – ауа-тамшы жолымен берілетін, жұқпалығы өте жоғары қауіпті вирустық ауру. Инфекция ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін: ми қабықтарының қабынуына (энцефалит), өкпенің зақымдануына (пневмония), ортаңғы құлақтың қабынуына (отит). Кейбір жағдайларда ауру өліммен аяқталуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Қызылшаны арнайы емдеу әдісі жоқ. Аурудың алдын алудың жалғыз тиімді тәсілі – уақытылы вакцинация. Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы (ҚҚП) біріктірілген вакцина қолданылады. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы Ұлттық егу күнтізбесі аясында 1 жас және 6 жастағы балаларға салынуда және өзін сенімді, тиімді әрі қауіпсіз вакцина ретінде көрсетті. 

Бұл вакцинаның өндірісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған, бұл оның жоғары сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай екенін дәлелдейді. Өндіруші — Serum Institute of India Pvt. Ltd. — әлемдегі ірі вакцина жеткізушілердің бірі және өнімдерін 170-тен астам елге экспорттайды.

ҚҚП вакциналарының қауіпсіздігі көптеген халықаралық зерттеулермен дәлелденген. 1,2 миллионнан астам баланың деректерін талдауды қамтыған ондаған кең ауқымды ғылыми жұмыстар, сондай-ақ 650 мыңнан астам баланы қамтыған ірі зерттеу жүргізілді. Барлық зерттеулер бірдей қорытындыға келеді: вакцина аутизмге себеп болмайды. Бұл ДДСҰ-ның ресми ұстанымымен де расталады.

Вакцинацияның арқасында елдегі эпидемиологиялық жағдай айтарлықтай жақсарды. Биылғы жылдың 10 айында 2 798 қызылша жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 10 есе аз.

Биылғы жылдың басынан бері 1 жастағы 247 мыңнан астам бала және 6 жастағы 258 мыңнан астам бала жоспарлы қызылша вакцинациясымен қамтылды. 2023-2024 жылдары қосымша жаппай иммундау кампаниясы жүргізіліп, шамамен 1,5 миллион адам егілді. Аурудың алдын алу үшін екпе алу – қызылшаның ауыр салдарларымен бетпе-бет келгеннен әлдеқайда жеңіл әрі қауіпсіз, – деп мәлімдеді министрлік.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: