Халықтың радиациялық қауіпсіздігі — адамдардың қазіргі және болашақ ұрпақтарының денсаулығына зиянды иондаушы сәулеленуден қорғалу жағдайы.
Иондаушы сәулеленуден қорғау сәулеленудің физикалық дозасын шекті рұқсат етілген дозадан төмен азайтуға бағытталған.
Радиациялық қорғаудың келесі түрлері бар:
- Экрандармен қорғау: стационарлық құрылғылар (кірпіш, барит бетон, қорғасын, қорғасынды шыны және т.б.); стационарлық емес (алжапқыштар, қолғаптар, жағалар және т. б.). 2. Қашықтықтан қорғау. 3. Уақытпен қорғау: зерттеу уақытын қысқарту; қызметкерлердің жұмыс уақытын қысқарту; зерттеу санын азайту.
Қызылорда облысында 2024 жылы иондаушы сәулелену көздерімен, радиоизотоптық аспаптармен, иондаушы сәуле шығаратын құрылғылармен жұмыс істеу кезінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Барлық объектілерде ИСК-мен жұмыс істеуге құқық беретін құжаттар, сәулелену көздерімен байланысты қызмет түріне лицензиялар бар.
Барлық объектілерде радиациялық қауіпсіздік қызметі немесе радиациялық қауіпсіздікке жауапты тұлға бұйрықпен тағайындалған; радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтар, ықтимал апаттардың алдын алу және жою жөніндегі нұсқаулық пен жоспар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен келісілген радиациялық қауіпсіздік қызметі (жауапты адам) туралы ережелер және радиациялық бақылау жүргізу тәртібі әзірленген; «А» топтарының персонал санатына жатқызылған қызметкерлерінің тізімі анықталды және бекітілді.
Облыста өз жұмысында ИСК пайдаланатын кәсіпорындар мен мекемелерді паспорттау бойынша жұмыс және 1-ДОЗ нысаны бойынша «А» тобы персоналының сәулелену дозалары бойынша ведомстволық есептілік жүргізіледі. Облыс бойынша «А» тобының персоналына 1655 адам енгізілген. Аталған топ персоналының жеке дозиметриялық бақылауы тоқсан сайын жүзеге асырылады.
Өнеркәсіптік кәсіпорындардың «А» тобының персоналына орташа тиімді жеке доза жылына 0,3-1,5 мЗв артық емес, сәулелік диагностика және терапия кабинеттерінің персоналына жылына 1,0 -1,4 мЗв аспайды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығы негізінде жұмысқа жіберілетін және сәулелену көздерімен тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлер міндетті алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өтеді.
Ең маңызды міндеттердің бірі халық денсаулығы мен қоршаған орта объектілерін радиоактивті сәулеленудің әсерінен қорғауға бағытталған санитарлық-ағарту жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу болып табылады. Облыстың емдеу мекемелері мен өнеркәсіптік кәсіпорындарында міндетті түрде «А» тобының персоналымен санитарлық қызмет мамандарымен радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сақтау бойынша дәрістер тұрақты өткізіледі.
Есепті мерзімде облыс аумағына радиациялық қауіпті тауарлар, өнімдер, жабдықтар әкелінген жоқ.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшысының міндетін атқарушы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!