Әлемдегі бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл өз кезегінде мұсылман қауымының басы қосылып, күнделікті үй жағдайында, мешіттерде немесе қоғамдық тамақтану орындарында ауызашардың көптеп ұйымдастырылатын кезеңі. Ауызашар өткізу кезінде тағамнан уланудың алдын алу үшін бірқатар сақтық шараларын еске саламыз.
Қоғамдық тамақтандыру орындарының барлық персоналы қызмет көрсету кезінде тағамнан улану мен жұқпалы аурулардың қаупін азайту мақсатында санитариялық және эпидемияға қарсы шараларды қамтамасыз етуі тиіс. Ең алдымен аталған нысандардың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы рұқсат құжаттары болуы керек. Қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсатының болуы, жеке бас гигиенасын және ас блогында тазалықты сақтауды мүлтіксіз орындауы маңызды талап. Тағам әзірлеуге пайдаланылатын азық-түліктің қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуы міндетті. Тез бұзылатын өнімдердің тауарлық көршілестікті ескере отырып, тоңазытқышта сақталуына аса көңіл бөлінуі тиіс. Тамақ өнімдерін, әсіресе ет өнімдерін термиялық өңдеуден өткізіп, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу қажет. Ас үй жабдықтары үнемі тазаланып, залалсыздандырылып отыруы маңызды.
Қоғамдық тамақтану орындарында сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау, жарықтандыру, желдету жүйелері ақаусыз жұмыс жасап тұруы керек. Тамақ өнімдерін өндіру, өлшеп-орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, тұтыну қалдықтарын жинау және сақтау талаптарға сай қатаң орындалуы қажет.
Мешіттер жанында орналасқан асханалар да қоғамдық тамақтану орындары болып саналатындықтан жоғарыда аталған санитариялық-гигиеналық талаптарды орындауға міндетті.
Тұтынушылар назарына ұсынатын тағы бір маңызды кеңес – санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ, тағамдарды үй жағдайында дайындаушылардан мүмкіндігінше өнім сатып алмаған дұрыс Себебі жасырын тағам өнімдерін өңдеу, дайындау, өндірумен айналысып, оны өткізіп отырған объектілерде өндірілген тағамның қауіпсіздігі мен сапасы үлкен күмән тудырады. Азық-түлікті арнайы рұқсат етілген сауда орындарынан алған дұрыс. Егер тұтынушының қандай да бір тамақтану орнынан, сауда орындарынан сатып алған өнімі сапасыз болып шықса, уланып қалған жағдайда Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті немесе оның аумақтық басқармаларына жазбаша түрде тікелей немесе «е-Otinish» жүйесі арқылы арыз-шағыммен жүгіну мүмкіндігі бар. Міндетті түрде заң бұзушылықты растайтын дәлелдемелер болуы керек – фискалды чек, фото, видео немесе басқа да түрдегі дәлелдемелердің болуы талап етіледі. Егер арыз-шағым заңнама талаптарына сай рәсімделген болса, әрі қарай жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болады. Өнім сатып аларда оның сыртқы қаптамасының бүтіндігіне, жарамдылық мерзіміне, орамасындағы мәліметтерге назар аударыңыз. Айтылған кеңестерді ескеретін болсаңыз, тағамнан улану жағдайларының алдын алуға болатындығын ұмытпаңыз.
Е. Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!