Жексенбі, 22 желтоқсан, 07:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сәбидің сарғаю себебі неде?

05.12.2024

275 0

Фото: kk.rayhaber.com

Жаңа туған нәрестенің сарғаюы – бұл нәрестелердің арасында жиі кездесетін жағдай. Ол нәрестенің терісі мен көздің ақ қабығының сарғыш түске боялуымен сипатталады. Бұл құбылыс көбінесе туғаннан кейінгі алғашқы бірнеше күнде пайда болып, көп жағдайда бірнеше апта ішінде өздігінен жоғалады.

Сәбидің сарғаю себебі көбіне қандағы билирубин деңгейінің жоғарылауынан пайда болады. Билирубин – эритроциттер бұзылғанда түзілетін сары түсті пигмент. Жаңа туған нәрестелерде бауырдың толық жетілмеуі салдарынан билирубинді өңдеу және шығару процесі баяу жүреді, сондықтан оның деңгейі артып кетеді.

Медицинада нәресте сарғаюының бірнеше түрі болады. Ең жиі кездесетін және қауіпті емес түрі физиологиялық сарғаю деп аталады. Бұл бала дүниеге келгеннен кейін 2-3-ші күнінде пайда болып, 1-2 аптада өздігінен жоғалады. Сондай-ақ нәрестенің денсаулығына әсер етпейді және арнайы емді қажет етпейді. Ал патологиялық сарғаю түрі билирубиннің өте жоғары деңгейімен немесе ұзақ уақыт сақталуымен сипатталады. Бұған қан топтарының сәйкессіздігі, инфекциялар, бауыр аурулары, генетикалық бұзылулар себеп болуы мүмкін. Мұндай кезде балаға арнайы ем тағайындалып, дәрігер бақылау жасайды.

Сарғаюдың қауіпті түрінде сәбиге билирубиннің ағзада ыдырауына және шығуына көмектесетін жарық терапиясы қолданылады. Ауыр жағдайда қан құю сияқты процедуралар жүргізілуі мүмкін. Нәрестені жиі емізу арқылы билирубиннің шығуын тездетуге болады. Анасының жүктілік кезіндегі денсаулығын бақылау және дұрыс күтім жасау баланың денсаулығына оң әсер етеді. Егер сарғаю күшейіп немесе ұзақ уақыт бойы жоғалмаса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Уақытында емделмеген патологиялық сарғаю жүйке жүйесіне әсер етіп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Г.Төлепбергенова

Б.Исаева

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының неонатолог-дәрігері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: