Денсаулық сақтау саласында әр адам салауатты өмір салтын сақтау мен өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау басты міндет болуға тиіс. Осы мақсатта қаламызда санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және қоғамдық денсаулықты жақсартуда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, өткен жыл қорытындысымен 48 инфекция түрлері тіркелмеген. 2021 жылмен салыстырғанда 7 инфекция көрсеткіштері азайса, 19 инфекция көрсеткіштері жоғары сипатқа ие болған. Ал инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша қала тұрғындары арасында жіті ішек инфекцияларының вирусты гепатит, туберкулез, бруцеллез және Конго-Қырым гемаррагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз болған. Бұл жөнінде баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев кеңінен тоқталып өтті.
– Өткен жылы жіті ішек инфекциясының 1684 оқиғасы тіркелді, оның ішінде 1419-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында болып отыр. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіштері 2,1 есеге, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1,9 есеге өсіп отыр. Облыстық көрсеткіштен 1,9 есеге және республикалық көрсеткіштен 7,4 есеге жоғары. Сонымен қатар облыс бойынша тіркелген аурушаңдықтың 91,6% құрайды. Ал «Кене шағу» диагнозымен 446 жағдай тіркелді, оның 14 жасқа дейінгі балалары 144 немесе 46,1% құрайды, – деді Ерлан Амантайұлы.
Сонымен қатар жедел вирусты гепатит А ауруының 8 оқиғасы тіркеліп, ауру оқиғалары орын алған мектептер жоспардан тыс тексерілген. Нәтижесінде эпидемиялық көрсеткіш бойынша 386 бала вирусты гепатит А-ға қарсы екпемен қамтылған. Жалпы, қалада вирусты гепатит А-ға қарсы жоспарлы профилактикалық екпелермен 12609 бала қамтылған.
Қызылорда қаласында COVID-19 коронавирустық инфекциясының 4216 оқиғасы тіркелген. Аурудың алдын алуда басымды және тиімді шара – вакцинация және ревакцинация. COVID-19 инфекциясына қарсы қала халқының 87,9% егумен қамтылған.
– Туберкулезбен 204 науқас жаңадан анықталды, оның 168 өкпе туберкулезі. 2021 жылмен салыстырғанда 5,1%, облыстық көрсеткіштен 20,9% және республикалық көрсеткіштен 1,5 есеге жоғары. Барлық тіркелген өкпе туберкулезінің 40,4% жұқпалы түрі. Бүгінгі таңда туберкулездің дәріге төзімді түрінің өсу тенденциясы қалыптасуда. Аурушаңдық асқынуымен 2 жағдай тіркелді. Балалар арасында туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасымен екпелерде 328 баланың ата-аналары түбегейлі егуден бас тартты, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 3,1 есеге жоғары, – дейді Ерлан Ұзақбаев.
Жалпы қалалық СЭБ басқармасы мамандарымен 2022 жылы 552 тексеру жүргізілген. Жүргізілген ерекше тәртіп бойынша және жоспардан тыс тексерулер барысында барлығы 324 заңбұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғаларға әкімшілік шара көрілген. Сонымен қатар айыппұлдар салынып, нысандарға бұзушылықты жою туралы ұйғарымдар берілген.
Қазіргі уақытта түрлі инфекциялық аурулардың өршуі санитарлық талапты сақтамаған жағдайда да болады. Сондықтан әсіресе, қоғамдық орындарда әрбір адам санитарлық номаларды сақтауға өзін міндеттеуі қажет. Бұл – қоғам талабы ғана емес, өзің денсаулығыңды сақтау үшін әрекет ету.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!