Сенатор Андрей Лукин медициналық препараттарды сатып алу саласындағы тәртіп бұзушылықтарды жариялады. Соның салдарынан бюджет қаржысының біразы тиімсіз жұмсалған. Ал мерзімі өтіп кеткен дәрілерді лақтыруға тура келеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан .
Депутаттың айтуынша, «СК-Фармация» ЖШС, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігі тарапынан өрескел тәртіп бұзушылықтарға жол берілді. Соның бірі – бюджеттен ақша алуға тапсырыс берілгенде пациенттер санының артық көрсетілуі. Сөйтіп, қыруар қаржыға артық дәрі-дәрмек сатып алынады.
«2020 жылы 6 нозология бойынша 26 миллиард теңге бөлінбей қалды. Соған қарамастан, 39 нозология бойынша 65,9 миллиард теңге тиімсіз жұмсалды. Ал «СК-Фармация» ЖШС сақтау қоймаларында 2019-2020 жылдары 159 миллион теңгеге сатып алынған препараттар жатыр. Мерзімі өтіп кеткен. Енді, соның бәрін жою қажет», – деді Лукин.
Оның сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау министрлігі ұлттық орталықтың есеп-қисабы негізінде препараттардың құнын шекті бағасынан көтеріп отырған.
Алайда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 76-бабында ондай әрекетке тыйым салынған. Соның салдарынан 1,5 миллиард теңгенің дәрі-дәрмектері қымбат бағаға сатып алынды.
«Осылайша, нарық қатысушыларына өзара келісімге келіп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жоғары бағамен жеткізуге мүмкіндік беріліп отыр. Мәселен, уәкілетті орган «СК-Фармация» ЖШС-індегі тексеріс кезінде 9 миллиард теңгенің вакцинасын сатып алу аукционына қатысқан жеткізуші компаниялар арасындағы картель белгілерін анықтады. Олар – «Қазбелмедфарм» ЖШС және «Medix» ЖШС. Клиникалық тиімділігі дәлелденбеген 16 препарат 14,4 миллиард теңгеге сатып алынды», – деп атап өтті Лукин.
Бұдан бөлек, министрдің бұйрығымен 2020 жылдың бірыңғай дистрибьюторлар тізіміне дәрілік заттардың 48 атауы бойынша өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Бәрінің бағасы 1,8 миллиард теңгеге артық болып шықты.
Осыған байланысты сенатор үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдап, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды кіргізу тәртібін қайта қарауды ұсынды.
Сенатордың пікірінше, бюджеттік ақшаға тапсырыс берудің тиімді жүйесін анықтау қажет. Сондай-ақ, әрбір лауазымды тұлғаның жауапкершілігін бекіткен жөн.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!