Серозды менингит – бұл ми қабығының зақымдалуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғыштары – вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар. Вирустық типтегі серозды менингит энтеровирустармен, сондай-ақ вирустың кейбір басқа түрлерімен байланыста туындайды Бұл аурумен 3-6 жас аралығындағы 14 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Менингококкты менингиттен айырмашылығы – ауру ағымы жеңіл өтеді, асқынуы өте сирек кездеседі және өлім-жітім қаупі айтарлықтай жоғары емес.
Инфекция науқаспен немесе инфекцияны тасымалдаушымен тығыз байланыста болған кезде су, тамақ, ауа тамшылары арқылы жұғады. Ауру маусымдық сипатқа ие, көктем-жаз және жаз-күз мезгілдерінде белсенді тіркеледі. Инфекция шомылуға рұқсат етілмеген ашық су айдындарында шомылғанда суды жұту кезінде, нашар жуылған көкөністер мен жемістерді, шөптерді тамаққа тұтынған кезде, жөтелгенде және түшкіргенде сілекей мен қақырықтың ең кішкентай тамшылары арқылы, жеке гигиена ережелерін сақтамаған кезде лас қолдар арқылы жұғады. Ауру температураның 38-40 градусқа дейін көтерілуінен басталады, әлсіздік, бас ауруы, іштің өтуі мүмкін. Аурудың ауыр ағымында құрысулар болады. Егер бұл шағымдар пайда болса, дереу дәрігерге жүгіну керек.
Қызылорда облысы бойынша 2024 жылы серозды менингиттің 1 дерегі тіркелген болса, ағымдағы жыл басынан бері аурудың бірде-бір дерегі анықталған жоқ.
Алдын алу шаралары:
- ішуге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды қолданыңыз;
- әр тамақ алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолыңызды сабынмен жуыңыз, жеке және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң сақтаңыз;
- рұқсат етілген орындарда ғана шомылып, суға түсу кезінде суды жұтып қоймауға кеңес береміз, себебі вирус сыртқы ортада тұрақты тіршілік ете алады, ұзақ уақыт бойы суда сақталады;
- сауда үшін белгіленбеген орындарда сауда жасап тұрған жеке тұлғалардан тамақ өнімдерін алмаңыз;
- ыдыс-аяқ пен тамақ өнімдерін тазалықта ұстаңыз;
- балаларды салауатты өмір салтын сақтауға, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысуға үйретіңіз.
Есіңізде болсын, ауруды емдеуден гөрі қарапайым алдын-алу шараларын сақтай отырып, алдын-алу оңай.
Әлия Әбдіқайымова
Қызыллрда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!