Бүгінде медицинаның дамуымен көптеген шала туған сәбилер өмір сүруге мүмкіндік алып отыр. Бұл жетістік – дәрігерлер мен неонаталды мейіргерлердің кәсібилігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімшесі жыл сайын жүздеген шала туған нәрестелерге өмір сыйлап келеді. Бұл жерде әрбір грамм салмақ – үлкен жеңіс, ал әрбір тыныс – үміттің белгісі.
Орталықтың неонаталды блок бөлімшесінде 500 граммға дейінгі сәбилерге де күтім көрсетіледі. Мұндай балалардың ағзасы өте әлсіз, иммунитеті төмен, өздігінен тыныс алу мен тамақтану қабілеті толық дамымаған. Осындай жағдайда мейіргердің рөлі айрықша. Олар баланың тыныс алуын, жүрек соғысын, температурасы мен жалпы жағдайын қадағалап отырады. Әр инъекция, әр тамшылап құйылатын дәрі – дәлдік пен мұқияттылықты қажет етеді.
Неонаталды мейіргерлер тек кәсіби міндеттерін ғана атқарып қоймай, сондай-ақ ата-аналармен де тығыз жұмыс жасайды. Жаңа туған сәбиді алғаш рет қолына алған ананың қорқынышы мен үміті қатар жүреді. Осындай сәтте мейіргердің жылы сөзі, қолдауы мен бағыт-бағдары ерекше рөл атқарады.
Орталықтың материалдық-техникалық базасы халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Инкубаторлар, тыныс алу аппараттары, мониторинг жүйелері сәбидің өмірін сақтау жолындағы негізгі құралдар. Бірақ бұл құралдарды дұрыс қолдану мен нәтижелі бақылау – мейіргердің кәсіби шеберлігіне байланысты. Әр құрылғыны жетік меңгерген, әр жағдайды дұрыс бағалай алатын мейіргерлер ғана баланың жағдайын тұрақтандыруда нақты шешімдер қабылдай алады.
2024 жылы облыстық перинаталдық орталықтың неонаталды блок бөлімінде 578 шала туған нәрестеге күтім көрсетілді. Олардың 98% астамы сауығып, ата-анасының құшағына оралды. Бұл – бір ғана бөлімнің емес, бүкіл ұжымның – дәрігерлердің, мейіргерлердің, реабилитологтардың және психологтардың бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі.
Шала туған нәрестеге күтім – тек технологияға емес, мейірімге, білімге және жауапкершілікке негізделген күрделі процесс. Облыстық перинаталдық орталықтың неонаталды мейіргерлері осы жолда күн сайын еңбек етуде. Олар – көзге көрінбейтін, бірақ жүректерге үміт ұялататын шынайы қаһармандар.
Айгерім Сүйіндікова
Облыстық перинаталдық орталығы,
неонаталды блок мейіргері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!