Шала туған нәрестенің денесі толық жетілмеген және өмірлік маңызды функциялары толықтай қалыптаспағандықтан олардың күтімі ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Мұндай балалардың денсаулығын сақтау және қалыпты дамытуға баса мән беру керек. Әсіресе, шала туған нәрестелердің терморегуляциялық жүйесі толық қалыптаспағандықтан, оларды арнайы инкубаторларда ұстау маңызды. Бұл құрылғылар қажетті тұрақты температура мен ылғалдылықты қамтамасыз етеді, нәрестенің денесінің жылу жоғалтуын болдырмайды.
Сәбидің жақсы жетілуі үшін оны тамақтандыру аса маңызды шараның бірі. Шала туған нәрестелердің ас қорыту жүйесі де жетілмеген болуы мүмкін. Оларға ана сүті ең жақсы тамақ болып табылады. Егер емізу мүмкін болмаса, арнайы формулалар немесе тамақтандырудың басқа әдістері (зонд арқылы) қолданылады. Ана сүтінде нәрестенің иммунитетін нығайтатын және өсуін қолдайтын маңызды қоректік заттар бар.
Уақытынан ерте босанған аналар ескеруі керек тағы бір нәрсе инфекциядан қорғау. Шала туған нәрестелердің иммундық жүйесі әлсіз болады. Олар инфекцияларға сезімтал. Сол себепті анасы қатаң гигиеналық талаптарды сақтауы қажет және баланы көпшілік орындардан оқшаулаған жөн. Сонымен бірге шала туған нәрестелерде жиі тыныс алу жетіспеушілігі болады. Себебі олардың өкпе тіндері толық қалыптаспаған. Сондықтан кейбір жағдайларда арнайы аппараттар көмегімен қосымша тыныс алдыру (механикалық желдету) қажет болуы мүмкін.
Дәрігерлер тарапынан шала туған нәрестелерге арнайы медициналық бақылау жасалады. Олардың дамуы, салмақ қосуы және жалпы денсаулығы тұрақты түрде тексеріліп отыруы тиіс. Әсіресе жүйке жүйесі мен жүрек-қантамыр жүйесін ерекше бақылау қажет. Шала туған нәрестесі бар аналарға нәрестенің күтімі қиындық тудырады. Осы ретте оларға эмоционалдық және психологиялық қолдау қажет. Бұл нәрестенің дамуына және ата-аналардың өздерін сенімді сезінуіне оң әсер етеді. Шала туған нәрестелердің күтімі көп уақыт пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ дұрыс және мұқият күтімнің арқасында олардың денсаулығын жақсарту және дұрыс дамуын қамтамасыз етуге болады.
Г.Төлепбергенова
Б.Исаева
Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының неонатолог-дәрігері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!